БЛОК-БЕКЕТТЕР ІНДЕТТІҢ ТАРАЛУЫНА БӨГЕТ БОЛАДЫ

 

Шымкент ағымдағы жылдың 4-сәуірінен бастап карантинге жабылған болатын. Сол күннен бастап блок-бекеттердегі тәртіп барынша күшейтілгені белгілі. Бірақ кейбір азаматтар жалпыға ортақ тәртіпке бағынбауда. Соған сәйкес, блок-бекеттерде төтенше жағдай режимін бұзған азаматтарге тиісті шара көрілуде.

 

Қазіргі таңда қала қақпаларында барлығы 18 блок-бекет қойылған. Ол жерлерде барлығы 669 қызметкер үш ауысым тәртібімен қала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Олардың 237-сі полиция қызметкері, 168-і қарулы күштер, 60-ы Ұлттық ұлан сазбаздары болып табылады. Сонымен қатар, бекеттерде 204 медицина маманы жұмылдырылған. Шымкент қаласының төтенше жағдай штабы барлық бекеттер бейнебақылау камералары және дрондармен қамтамасыз етілгенін алға тартады.

Мыңға жуық маман тартылған блок-бекеттердегі тәртіптің сақталуы бағытындағы жұмыс нәтижесі қандай?

Ағымдағы жылдың 2-5 сәуірі аралығында блок-бекеттерден 929 көлік (1869 адам) қаладан шыққан. Ал қала аумағына кірген көлік саны 742 (1360 адам) болған. Блок-бекеттерден 1548 (2754 адам) транзиттік көлік өткізілген. Транзиттік көліктердің барлығы «жасыл дәліз» режимі бойынша тексерілген. Сондай-ақ, рұқсаты жоқ 6090 автокөлік блок-бекеттерден өткізілмеген.

Бұл туралы Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. Хабарламада «Блок-бекеттерде төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 3 жайт орын алып, ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабымен (Төтенше жағдай режимiн бұзу) хаттамалар толтырылған. Соның негізінде енді оларға ескерту жасауға немесе 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады. Олардың 1-уі соттан өткен, қалған 2 жайт бойынша материал жинақталып, сотқа жолданды», — делінген.