ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДАҒЫ ТЫҢ ТӘЖІРИБЕ
2019-2020 оқу жылының IV-тоқсанының басталу қарсаңында Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қала әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков пен қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева баспасөз брифингін өткізді. Өз кезегінде олар төтенше жағдай режиміне байланысты білім беру мекемелерінің оқушыларға қашықтықтан оқыту жүйесі бойынша дәріс өткізуге дайындықтары және өзге де ақпараттарды жеткізді.
18 мыңға жуық оқушы компьютермен қалай қамтылады?
Осы аптада 2019-2020 оқу жылының төртінші тоқсаны басталып кетті. Бүгінде Шымкент қаласы бойынша 147 мектепте қашықтықтан оқыту жүйесі бойынша өскелең ұрпақ білім алуда. Бұл барлығы 222 мыңнан астам оқушыны қамтиды. Бұл оқушылардың 214 613-не немесе 96,7 пайызына қолжетімді платформаларда онлайн сабақтар өткізіледі. Электронды журнал Kundelik және WhatsApp мессенджері арқылы кері байланыс орнатылады.
Ал 7 424 (3,3%) оқушы «Балапан» және «Еларна» телеарналары арқылы онлайн дәріспен қамтылады.
Бірақ бірқатар отбасында осындай форматта білім алуға мүмкіндік беретін телефон немесе компьютер жоқ. Осыған орай Шымкент қалалық білім басқармасы оқушылардың материалдық жағдайын саралап, тиісті шараларды атқарды.
Саралау жұмыстарының нәтижесінде 30364 баланың аз қамтылған отбасыдан екені анықталған. Олардың ішінде 17616 оқушыға компьютердің қажеттігі туындаған. Бұл мәселені шешу мақсатында қала мектептеріндегі 10 192 компьютер оқушыларға таратылып берілген. Ата-аналардың қалтасына салмақ түсірмес үшін, техникаларды ғаламтор желісіне қосып та берген. Бұл жұмыстың шығыны мектепті интернет желісіне қосу үшін бағытталған қаржы есебінен орындалған. Ал, қалған 7424 балаға қажетті компьютер сатып алу үшін республикалық бюджеттен 2250,0 миллион теңге бөлінген. Ол қаржыға 9000 компьютер сатып алуға мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылуда. Бұл жуық арада шешіледі.
Бұл мәліметтерді журналистерге қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.
Сонымен қатар ол, республикалық «Балапан» және «Ел арна» телеарналары арқылы беріліп жатқан күнделікті дәрістер жергілікті «Айғақ», «Оңтүстік» және «Отырар» телеарналарынан қайталанып берілетінін жеткізді.
Балабақша қызметкерінің еңбекақысы толық төленеді
Бүгінде Шымкентте 521 балабақша бар. Мектепке дейінгі бұл мекемелердің 82-сі мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік болып табылады. Онда барлығы 75386 бала тәрбиеленуде. Коронавирус індетінің таралуын барынша шектеу мақсатында елімізде енгізілген төтенше жағдай режиміне байланысты ағымдағы жылдың 26-наурызынан бастап Шымкенттегі барлық балабақшалардың жұмысы уақытша тоқтатылған болатын.
Бірақ соған қарамастан үшінші мегаполистегі барлық балабақшалардағы қызметкерлердің еңбекақысы толық төленетін болады.
Бұл көзайым жаңалықты қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді. Өз кезегінде ол мұны Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Шымкент қалалық өңірлік комиссиясының шешімі болып табылатынын айтты.
Бұдан бөлек осы аптада Әл-Фараби ауданының төтенше жағдай бөлімінің маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Н. Ерғали Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты жалпы орта мектеп директорларына онлайн түрде қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру өткізді. Қашықтықтан өткен шараға қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы да қатысты. Өрт қауіпсіздік қағидалары, ауа райының өзгеруіне байланысты сақтық шаралары туралы мәселелер айтылған онлайн түсіндіру жұмысына 35 мектеп, 45 балабақша меңгерушісі қамтылды.