АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК 18 МЫҢНАН АСТАМ ОТБАСЫНЫ ҚАМТЫДЫ

Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, жыл басынан бері 102,4 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұл жарты миллионнан астам адамды қамтиды. Атаулы әлеуметтік көмекті алғандардың 41,5 пайызы көпбалалы отбасылар болып табылады. Оның ішінде шымкенттік отбасылардың үлесі қанша?

Шымкентте ағымдағы жылдың І-тоқсанында жалпы саны 18055 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды.

Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Орталық таратқан деректерге сүйенсек, есепті кезеңде атаулы әлеуметтік көмек алу үшін барлығы 20455 отбасы өтініш білдірген. Құжаттарды рәсімдеу кезінде 2390 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылған. Ал көмекке ілінгендердің ішінде 16208 отбасы ақшалай жәрдемді шартты, 4237-сі шартсыз түрде алған.

Бірінші тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылған отбасылар алдағы уақытта жәрдемге қол жеткізуі мүмкін. Яғни, бірінші тоқсанда АӘК тағайындаудан бас тартылған отбасылар мен жаңадан өтініш білдіретіндер ендігі кезекте тиісті құжаттарды Egov.kz порталы арқылы жолдай алады. Өтініш жіберген соң, жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері құжаттарды мемлекеттік органдардың мәліметтер базасында тексеріп, нәтижесін электрондық пошта немесе мессенджерлер арқылы хабарлайтын болады.

Жанұялардың жағдайы тиісті талаптарға сай келетін болса, АӘК беріледі. Ал, бірінші тоқсанда көмек алған отбасыларға АӘК ұзарту тәртібімен қайта тағайындалады. Егер отбасы құрамы өзгермеген болса, онда орталық мамандары қайта есептеу жүргізеді.

Естеріңізге сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтары наурыз айының соңынан бастап қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшкен болатын. Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталықтары 26-наурыздан бастап өз қызметтерін қашықтан көрсетуге кіріскен. Осыған орай 27-наурызда еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтар атаулы әлеуметтік көмекті мемлекеттік мекемелерге жүгінбей қол жеткізе алатынын хабарлаған. Ведомства өз хабарламасында «Сәуір айынан бастап қазақстандықтар төтенше жағдай кезінде мемлекеттік органдармен байланыссыз атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) ала бастайды. Әлеуметтік көмекті қайта тағайындау үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық базалары арқылы деректерді тексеру жүргізіледі» делінген. Деректерді тексеру кезінде өтініш берушілердің тұрғылықты жері бойынша тіркеуі, олардың атына тіркелген жылжымайтын мүліктердің бар-жоғы, ай сайынғы кірістері туралы мәліметтер қамтылады. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша учаскелік комиссиялардың көшпелі тексерулері жүргізілмейді.

Ал сала мамандары барлық қажетті құжаттарды азаматтардан электрондық пошта арқылы немесе мессенджерлер арқылы сұрататынын айта кетейік.