МЫҢ АДАМНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ БІР АДАМНЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ

 

Түркістан облысы бойынша 400-ге жуық дәрігер, орта және кіші буын медицина қызметкерлері коронавирус жұқтырғандардың денсаулығы үшін үй бетін көрмей жұмыс істеп жүр.

 

Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді. Қауіп-қатердің бел ортасында жүрген олар адам өмірі үшін араша түсіп, індетпен күресуде.

Солардың қатарында «Жетісай аудандық инфекциялық госпитальдың» меңгерушісі Замира Ташимов бар. Науқастарға тәулік бойы медициналық ем көрсетіп жүрген маманның 30 жылдан астам уақытты қамтитын тәжірибеге ие. Инфекционист-дәрігер COVID-19 вирусының таралу қарқыны жоғары болып тұрған Жетісай ауданына қосымша дәрігерлер тартылып, дерттің дендеуіне жол бермеу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатқанын алға тартады. Төтенше жағдай жарияланғаннан бері уақытпен санаспай, тәулік бойы кәсіби міндетін атқарып жүрген маман «Тәулік бойы ауруханада коронавируске шалдыққан науқастарды қолымыздан келгенше емдеуге тырысудамыз. Әрине, ол азаматтардың қиналғандарын көргенде өзіміздің де жүрегіміз ауырады. Бірақ, қиын сәтте барынша бекем болып, табандылық көрсетуіміз қажет екенін түсінеміз. Жетісай аудандық инфекциялық госпитальда емге қажеттінің барлығы бар. Өз тарапымыздан да барлық сақтық шараларын қадағалаудамыз. Әр 14 күн сайын тексеріліп, коронавирус індетіне сынама тапсырамыз» — дейді.

Сын сағаттарда аянбай дертке шалдыққандарға дәремет көрсетіп жүрген тағы бір білікті дәрігер Замира Джурабекова. Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының штаттан тыс инфекционист-дәрігері болып табылатын ол қазіргі таңда күндіз-түні провизорлық стационарлық қызметте жүр. Үй бетін көрмегеніне де бірнеше күннің жүзі болған. Үйінде жолдасы, екі ұлы мен бір қызы да сарыла күтіп жүргенін айтқан ол ең бастысы індеттің бетін қайтарып, оның таралуына жол бермеуге ықпал ету екенін айтады. Бірақ мұндай жемісті күнге жету үшін дәрігерлердің уақытпен санаспай еңбек етуі аздық ететінін, ол үшін халық та сақтық шараларын бұлжытпай орындап, үйде қалуларын сұрап, «Ел амандығы үшін үйде болып, сақтық шараларын қадағалау қажет. Өңірге қауіпті аймақтардан келген азаматтар жергілікті емханаға хабарласып, 14 күндік карантинде болулары тиіс. Қазіргідей қиын сәтте мыңдаған адамның қауіпсіздігі, бір адамның жауапкершілігіне байланысты болған күйге түстік. Сол себепті әр азаматпен жеке түсіндірме жұмыстарын да жүргіземіз», — деп салмақты ой тастайды.

Бүгінде облыс бойынша коронавирус жұқтырған науқастарды стационарға жатқызу үшін 150 төсек-орын жасақталған. Пандемиялық індетке ұқсас клиникасы бар науқастарды қабылдап, диагноздарын анықтау мақсатында 510 төсек орынға провизорлық госпитальдар қарастырылған. Одан бөлек барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері науқастарды қабылдап алуға толық дайын. Қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 955 төсек орынға лайықталған карантиндік орталықтар ашылған.