ҚАЛА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ – ӨМІР САПАСЫН ЖАҚСАРТУДЫҢ НЕГІЗГІ ЖОЛЫ
Облыс орталығы Түркістан қаласының кәріз жүйесімен қамтылуы 16 пайызды ғана құрайды. Туристік орталыққа айналатын аймақта бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу 2021 жылдың еншісіне қалдырылып отыр.
Бұл мақсатта 10 нысанның жобасы дайындалып, ол кешенді жоспарға енгізілген. Сонымен қатар, киелі кентте 52 мыңнан астам абонент бар. Бірақ олардың 65 пайызына ғана газ құбыры тартылған. Биыл бюджеттен қаралған қаржыға осы бағытқа қатысты 25 нысанның құрылыс жұмыстары орындалған соң, қаланың көгілдір отынмен қамтылуы толық шешіледі. Қала көшелерінің жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Былтыр 86,4 шақырымға жалғасқан көшелерде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде облыс орталығындағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 33,6 пайызға жетті. Осы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 49,4 пайызға жеткізу көзделуде. Бұл инфрақұрылым жұмыстарының барлығы облыс орталығы тұрғындарының өмір сапасын жақсартудың негізігі тетігі ретінде үлкен маңызға ие.
Апта ішінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жауапты сала жетекшілерімен бірге қаланың Бас жоспарына сәйкес жүріп жатқан құрылыс нысандарын аралау кезінде осылай деді.
Аймақ әкімі қала ажарын ашатын бірқатар нысандарды аралап, нақты тапсырмалар берді. Шаһардағы жол жөндеу, газ, ауыз су мен кәріз жүйесін жүргізу жұмыстарын көзбен көрген аймақ басшысы тиісті сала жетекшілерінен құрылыстың кестеге сәйкес белгіленген мерзімінде аяқталуын ескертті.
Қазіргі таңда қаладағы әкімшілік іскерлік орталығына жақын орналасқан инфрақұрылымы толық аяқталған аумақтағы 81 көшені орташа жөндеу жұмыстарынан өткізу жоспарланған. Ол көшелердің жалпы ұзындығы 100 шақырымға жалғасады. Осы мақсатта жаңа көшелерде сарқынды су жүйесіне арналған футляр орнату, жол негізін даярлау, аяқ жолдардың жиектастарын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Теміржол бойының оң жағалауы мен Арыс-Түркістан арнасының айналасын жасыл желекке орау жоспарланған. Аймақ экологиясын жақсартуға серпін беретін бұл аумақ 100 гектарды қамтиды деп күтілуде. Бүгінде қала ішінде адам ізі суымайтын бірқатар жерлерде құрылыс жүруде. Атап айтқанда, «Жеңіс» саябағынан орталық базарға баратын жолды абаттандыру жұмыстары басталды. Қызылорда тас жолы бойындағы аллея алаңы мен теміржол вокзалының алдына тас төселуде. Арыс-Түркістан арнасынан бастау алатын бірнеше ирригациялық каналдардың құрылысы алдағы мамыр айында толық аяқталып, пайдалануға тапсырылмақ.