ЖАБЫҚ ҚАЛАДА АДАМДАР НЕГЕ ЖАЙБАРАҚАТ ЖҮР?
Әлем бойынша әр жеті күнде коронавирус індетін жұқтырғандардың қатары жарты миллионға жуық адамға көбеюде. Бұл жай қабылдайтын жаңалық емес. Етек-жеңімізді жинап, барлық сақтық шараларын қамдауға шақыратын жағдай. Бірақ Шымкент қаласының тұрғындары COVID-19 вирусының қауіптілігін әлі де толық сезініп жүрген жоқ. Апта ішінде Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясы ұйымдастырған арнайы мониторинг кезінде белгілі болған жағдай осы сөзімізге алғышарт болады.
Өз кезігінде Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов бастаған мониторингтік топ Жібек жолы даңғылының Тұрар Рысқұлов көшесімен қиылысқан аумағында тиісті орган өкілдерімен бірге көлік қозғалыстарын бақылады. Бұл «Қайтпас-1», «Тассай» шағын ауданы мен «Сайрам ауданынан қосылған бірқатар елдімекен тұрғындарының орталыққа баратын маңызды көшесі болып табылады.
Көлік нөпірі көп күре жол үстіндегі тексеру кезінде темір тұлпарын тізгіндеген көптеген азаматтардың карантин уақытындағы шектеулерге байланысты қала ішінде жүруіне рұқсаты жоқ екені белгілі болды. Бұл туралы Бахадыр Нарымбетов: «Қала карантинге жабылған. Нақты шектеулер барлық ақпарат құралдары арқылы жеткізілген. Соған қарамастан тұрғындар тәртіпке бағынбауда. Қазір орталыққа қарай бет алған жүргізушілердің 90 пайызы кері қайтарылды. Тиісінше ескерту берілді. Енді олар тағы да карантин режимін бұзса айыппұл арқалайды»,- деді.
Сонымен қатар ол, автокөлігімен жайбарақат, себепсіз жүрген тұрғындардың бейғамдығына да қынжылды. Ол әрбір адам, өзін, бауырын, туған-туыстарын құрметтеп, үйде болуы қажеттігін айтты.
Шымкенттің карантинге жабылғанына бір аптаға жуық уақыт болды. Карантин режимі кезінде адамдардың қала аумағында жаяу немесе өз көліктерімен шұғыл жағдай болмаса шығуына рұқсат етілмейтіні ескертілген. Бірақ оған құлақ асып жүрген азаматтар аз сияқты.
Оған қала әкімінің парақшасына кейбір желі қолданушыларының «Әкім мырза, карантин дегеніңіз қані? Сыртта адамдар өріп жүр ғой» деген және осыған ұқсас пікірлер айтуы мысал болады.
Қазіргі таңда көптеген азаматтар карантинге жабылған қалалардың ашылуын сарыла күтіп жүргені белгілі. Тіпті карантиннің қашан аяқталатыны оларды қатты қызықтыруда. Билік басындағылар бұл сұрақтың нақты жауабын айту әзірге ерте екенін ашық мәлімдеуде. Бірақ таяуда еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова карантин мерзімінің аяқталуы әрбір адамның тәртібіне байланысты екенін айтты.
Ал Шымкент тұрғындары ортақ тәртіпке осылай бей-жай қарайтын болса, қалада карантин режимінің алынуы қиынға соғуы әбден мүмкін. Сондықтан да сақтық шараларына селқос қарамайық. Селқос қарағандарға тиісті шара қолданайық.
Қ. ҚАЛИЕВ.