ҚАЛАЛЫҚ ПЕРЗЕНТХАНАДА ЖӨНДЕУ  ЖҰМЫСЫ  ҚАРҚЫН АЛДЫ

Былтыр Шымкентте 25 мыңнан астам сәби өмір есігін ашқан. Өкінішке орай 200-ден астам нәресте шетінеп кеткен. Мұндай жағдайларды алдын алу және болдырмау – денсаулық сақтау саласындағы басты бағыттардың бірі.

Осы мақсатта қалалық перзентхана күрделі жөндеу жұмысынан өтуде. Жыл сайын 9000 бала өмірге келетін бұл нысанда 6 ғимарат бар. Қазіргі таңда олардың барлығында күрделі жөндеу жүмыстары қарқын алған. Мердігер мекеме осы айдың соңына дейін нысандағы алғашқы үш корпустағы жөндеу жұмыстары  толық аяқталатынын уәделі түрде айтты. Ал қалған үш корпус күзге дейін пайдалануға берілетінін жеткізді.

Жалпы нысанды жөндеу жұмыстарынан өткізу үшін бюджеттен 1,7 млрд. теңге қаралған. Жұмыстың барысын  сүзгіден өткізу үшін жуырда қала әкімі нысанға арнайы барып, оған қанағаттанарлық деген баға берді. Сонымен қатар перзентхана аумағында автотұрақтың болуын қарастыруды тапсырды.  Қала басшысы қажет болған жағдайда екі  қабатты ашық автотұрақ салуға болатынын айтты.

Қазіргі таңда тиісті ем-дом шаралары перзентхананың ескі ғимаратында көрсетілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң  ем алушылар жаңа ғимаратқа көшірілетін болады.

Бір жылда 9000 бала дүниеге келетін бұл перзентхана күрделі жөндеу жұмысының нәтижесінде  соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталып, заман талабына сай жаңғыртылатын болады.  Бұл жұмыстар тыңғылықты аяқталатын болса, перзентханада бір жылда 10 мың ананың босануына мүмкіндік туады.

Жалпы аталған перзентхана 2018 жылдың қазан айында Шымкент қаласының меншігіне өткен. Оған дейін мекеме Түркістан облысына қарасты перинаталдық орталық болған. Былтыр бұл нысан қаладағы шұғыл күрделі жөндеуден өтуі тиіс  ғимараттар тізіміне қосылған.

Оған дейін ғимараттың жөндеуді қажет ететіні, ондағы жиһаздардың біразы кеңестік кезеңнен келе жатқаны, есіктердің ескіріп, санитарлық тораптардың тиісті талаптарға сай еместігі, бұл ана мен сәби күтімі үшін аса маңызды мәселе  екені жанайқай ретінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бірнеше рет айтылған-тын.