КӘСІПКЕРЛЕР ҚОЛМА-ҚОЛ ТӨЛЕМГЕ НЕГЕ ҚҰМБЫЛ?
Осы аптадан бастап Шымкенттегі базарлар, сауда орындары мен дүкендер тұрғындардан төлемдерді пост-терминалдар арқылы қабылдауға міндеттелді. Бұл коронавирус індетінің таралуын барынша шектеу мақсатында қолға алынып отырған шара. Себебі COVID-19 вирусының банкноттарда да сақталатыны белгілі болып отыр.
Өткен аптаның жексенбісінде Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов кәсіпкерлер мен сауда нысандарының иелеріне осындай мәлімдеме жасады.
Сонымен қатар ол, егер де аталған нысандар бұл тәртіпке бағынбайтын болса, оларға әкімшілік шара көріліп, тіпті қызметі тоқтатылуы мүмкін екенін айтты.
Қоғам денсаулығы үшін аса маңызды бұл талап сауда нысандарының иелері мен кәсіпкерлерге тез тарағаны белгілі. Соған сәйкес олар 6-сәуірден бастап төлемақыны пост-терминалдар арқылы қабылдауы тиіс-тін. Бірақ…
Жасыратыны жоқ бұл талап бір күнде 100 пайыз орындала қоймасы анық. Әсіресе шалғайдағы шағын аудандардағы дүкендерде қолма-қол төлем қызып тұрғанына ешкім шүбә келтіре қоймас. Сондықтан да төтенше жағдай кезіндегі шектеулердің орындалуын бақылауға алып жүрген «Nur Otan» партиясы жанындағы мониторингтік топ осы мәселеге ден қойса игі болар еді деген ұсыныс бар.
Апта ішінде Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық Кірістер департаментінің өкілдері мәлімдеме жасады.
Өз кезегінде аталған департаменттің Мемлекеттік қызмет көрсетулер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанна Тойбазарова қала бойынша 4500 терминал арқылы төлем жасалып жатқанын, қолма-қол төлем жасауды жөн көріп отырған кәсіпкерлер саны азаймай отырғанын алға тарттты. Сала маманы «Қаламыздағы барлық сауда орындары мен дүкендерде банк карталары арқылы төлем жасалуы тиіс. Ескертуді елемеген кәсіпкерлерге 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал шағын және орта бизнес өкілдеріне – 60, ірі бизнестегі заңды тұлғаларға 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады», — деп қадап айтты.
Жалпы төлемдерді қолма қол жасау көлеңкелі бизнестің қалыптасуына да жол ашады. Ол мемлекет қазынасына түсетін кіріс көлемін азайтып, жеке адамдардың қалтасын қалыңдатудың да жолы. Ал бұл ел экономикасына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Осыған орай көптеген қызмет түрлері бойынша азаматтардың төлем жасауы пост-терминалдар арқылы жүргізулі тиістігі туралы Үкімет қаулысы шығарылған. 2016 жылы шыққан сол Қаулыға сәйкес, Автомобильдер мен мотоциклдерді көтерме және бөлшек саудада сату, оларды жөндеу және техникалық қызмет көрсету, көтерме және бөлшек сауда, қонақүйлердің қызмет көрсетуі, мейрамхана қызметтерін көрсету, тамақтануды ұйымдастырудың өзге де түрлері мен сусындар беру, әуе және теміржол көлігіне жол жүру құжаттарын (билеттерді), багаж және жүк-багаж түбіртектерін сату, жүктерді көліктік өңдеу, қоймаға жинау мен сақтау жөнінде қызмет көрсету, тасымалдау жөніндегі қосымша көрсетілетін қызметтер мен жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтер, туризм саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынатын туристік операторлардың және өзге де ұйымдардың қызметі (туристік агенттерден басқа), сақтандыру саласындағы қызмет, денсаулық сақтау саласындағы қызмет, білім беру саласындағы қызмет, кинофильмдерді, бейне және телевизиялық бағдарламаларды тарату жөніндегі қызмет, кинофильмдерді көрсету, фитнес, спорттық клубтар, дискотекалар қызметі, құмар ойындарын және бәс тігуді ұйымдастыру жөніндегі қызмет, боулинг (кегельбан) және бильярд бойынша қызмет көрсету нысандары төлемдерді қабылдауға арналған пост-терминалдар орнату қажеттігі көрсетілген.
Бұған қоса жаңа жылдан бастап базарларда сауда жасап келген кәсіпкерлер де осы жүйеге көшкен. Өйткені олар патенттік жүйеден алынып тасталған. Сондықтан пост-терминал арқылы төлем жүргізулері керек-тін.
Осы күнге дейін бұл талаптар ала-құла орындалып келген. Енді індетті алдын алу және оның таралуын барынша шектеу мақсатында сауда нысандары мен кәсіпкерлерге төлемдерді пост-терминалдар арқылы жасау қатаң ескертіліп отыр. Бұл талаптың қалай орындалатыны алдағы күннің меншісінде.