МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТТАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысы бойынша төтенше жағдай кезеңінде қайта куәландырудан өтуі тиіс 1878 азаматтың мүгедектік анықтамаларының мерзімі орталықтандырылған база бойынша сырттай ұзартылды. Енді оларға берілетін жәрдемақы төтенше жағдай режимі аяқталған күнді қоса алғанға дейін төленеді. Мұндай жеңілдік Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығына сәйкес жүзеге асып отыр.

 

ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, əлеуметтік қорғау жəне көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша Медициналық-əлеуметтік сараптама департаменті басшысының орынбасары Марат Архаров бұл төтенше жағдай кезеңінде қолға алынып отырған сақтық шарасы әрі үкімет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетіліп отырған қамқорлық екенін алға тартты. Өз кезегінде ол «Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайына әлеуметтік төлем алушылар болып табылатын адамдарға төтенше жағдай кезеңінде төлемдер бұдан бұрын белгіленген мүгедектік тобына және жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне сәйкес төленеді. Мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін айқындау осылайша сырттай куәландыру арқылы жүзеге асырылуда»,-деді.

Сонымен қатар ол, облыс азаматтары мүгедектікке шығу өтініштерін төтенше жағдай кезеңінде үйден шықпай Egov.kz «Электрондық үкімет» веб-порталындағы «Электрондық өтініш» сервисі арқылы жолдай алатынын ескертті. Өтінім берушінің тиісті құжаттары интернет ресурсы арқылы жолданған соң, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу мамандары 2 күн ішінде өтініш тастаған азаматтарға жауап беріп, мүгедектік тағайындалғаны туралы хабарлайды. Ол азаматтарға бұл туралы хабарлама байланыс нөмірлеріне де келеді. Ал, мүгедектік туралы анықтамаларының түпнұсқасын төтенше жағдай аяқталған соң медициналық-əлеуметтік сараптама комиссиясынан алып кете алады.

Куәландырылатын адам мүгедектік белгіленген күннен бастап алты ай ішінде бақыланып, оған бір жылдан аспайтын мерзімге сырттай мүгедектік тағайындалады. Қазір осындай сырттай куәландырудан 4 азамат өткен.

Жалпы, елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері облыста 384 адамға алғаш рет мүгедектік дәрежесі бекітілген. Сондай-ақ 1500-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат қайта куәландырылған.