ІНДЕТПЕН КҮРЕС – ОРТАҚ ІС
Қазақстанда коронавирус дертінің таралуы күн сайын артып барады. Өткен аптаның бейсенбісіндегі жағдай бойынша вирус еліміздің 8 өңірінде тіркелген. Ал қазіргі індет Қазақстанның Қостанайдан өзге барлық облыстарында тіркеліп отыр.
Шымкентте вирусты жұқтырғандар саны күні кешеге дейін 3 адам болатын. Түс ауа олардың саны 11-ге көбейді.
Осы аптада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр вирустың таралуын барынша шектеу мақсатында қолға алынып жатқан жұмыстарды саралады. Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде Ербол Садыр төмендегідей ақпараттарды мәлімдеді.
Тұрғындардың хал-ахуалы қашықтан қадағалануда
Қазіргі таңда Шымкенттегі барлық емхана қызметкерлері өздерінде есепте тұратын азаматтармен телефон арқылы байланысып, олардың денсаулық жағдайымен хабардар болуда. Сала мамандары қалаға келген қонақтарды да уақытша есепке тіркеп, олардың да денсаулық жағдайын бақылауда. Қашықтықтан сөйлесу кезінде адамдардың дене қызуы көтерілгені немесе вирустың өзге де белгілерінің бар екені анықталған болса, шұғыл түрде тиісті шаралар қолға алынуда. Аптаның сейсенбісіндегі жағдай бойынша (31-наурыз) медицина қызметкерлері 632 мың тұрғынға қоңырау шалып үлгерген. Оның 5500-і өзге өңірлерден келгендер. Олардың басым көпшілігін Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан келгендер құрайды.
Сала мамандарының қалған қала тұрғындары мен қонақтарымен хабарласып, олардың хал ахуалын сұрау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.
Медициналық мекемелерде 72 мың бетперде қоры бар
Қазіргі таңда Шымкентте 500-ге жуық адам карантинге алынған. Олардың 218-і медициналық стационарлық бақылауға алынса, қалғаны үй жағдайында оқшауланған. Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында резервте 170 стационарлық орын бар. Төтенше жағдайдағы шұғыл шараларға дайындық ретінде 680 провизорлық орын дайындалған. Бұдан бөлек 1447 орындық 5 карантиндік стационар әзірленген. Барлық емдеу орындарында бетперделік режим енгізілген. Қазіргі таңда медициналық мекемелерде жалпы саны 72 мың бетперде қоры бар.
Шектеу шаралары вирустың таралуын шектейді
Бетперделік режим тек медициналық мекемелерде ғана емес, 31-наурыздан бастап қаланың барлық аумағына енгізілген. Соған сәйкес әрбір адам қалада медициналық бетперде киіп жүруге міндеттелген. Бұл тәртіпті ескермеген азаматтар төтенше жағдай режимі мен санитарлық талаптарды қасақана бұзғаны үшін жауапқа тартылады. Яғни, оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабына сәйкес 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер бұл құқықбұзушылық тағы да қайталанса, сот шешімімен 10 тәулікке дейін қамауға алынады.
Сонымен қатар, қала территориясында 18 блок-бекет қойылған. Блок-бекеттердің барлығы тиісті мамандармен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылдың 31-наурызынан бастап кешкі сағат: 21:00-ден бастап қала территориясына транзиттік жүк көліктері, қала тіршілігін қамтамасыз ететін арнайы қызметтердің көліктері және шұғыл жағдайдағы ауыр науқастардан басқа көліктер мен азаматтардың Шымкент қаласына кіруіне және шығуына тыйым салынған.