АУДАН ӘКІМДЕРІ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫ САРАЛАДЫ
Елімізде жарияланған төтенше жағдай режиміне сәйкес, кәсіпкерлік нысандарға бірқатар шектеулер мен талаптар қойылғаны белгілі. Атап айтқанда сауда және қызмет көрсету нысандарының жұмыс уақыты шектелген. Бұл нысандардың кіре берісінде қолды өңдейтін антисептикалық құралдар қойылып, келушілердің дене қызуы контактісіз пирометрмен өлшенуі тиіс. Сондай-ақ, қызмет көрсетуші персонал мен келушілер медициналық бетперде тағып жүруге міндеттелген. Бірақ бұл талап барлық нысандарда сақтала бермейді. Осыған орай, Шымкент қаласындағы 287 кәсіпкерлік нысанға төтенше жағдай режимін бұзғаны және санитарлық талаптарды орындамағаны үшін айыппұл салынды.
Бұл туралы журналистерге Шымкент қаласының төтенше жағдай жөніндегі штабы мәлімдеді.
Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 25-30 наурызы аралығында Абай ауданында — 144, Еңбекші ауданында — 58, Қаратау ауданында — 50 және Әл-Фараби ауданында 35 кәсіпкерлік нысан иелері жауапқа тартылды. Олардың қатарында сауда орталықтары, азық-түлік дүкендері, дәмханалар, әсемдік салондары, ломбардтар мен автокөлікке техникалық қызмет көрсету орталықтары бар.
Осы аптада Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалаға қарасты Әл-Фараби, Абай, Еңбекші және Қаратау ауданы әкімдері төтенше жағдай режимі кезінде атқарылып жатқан өзге де жұмыстарды саралады.
«Дархан» базарының жұмысы тоқтатылды
Әл-Фараби ауданы аумағында санитариялық-эпидемияға қарсы және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 4 арнайы жұмысшы топ құрылды. Қазіргі таңда аудандағы «Орталық қырғы базар», «Акбар» базарларындағы азық-түлік сататын орындар сағат 10:00-18:00 аралығында жұмыс жасаса, «Қызыбек» базары тәулік бойы жұмыс атқаруда. «Дархан базарының» жұмысы уақытша тоқтатылған. Нарықтық базар аумағында күніне 2 рет залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, бетперде, қолғап кию режимі сақталуда. Сонымен қатар, 61 жанар жағармай бекеті мен 75 дәріхана тәулік бойы қызмет көрсетуде. «Shymkent Plaza», «Орталық әмбебап дүкені» (ЦУМ), «Mega Planet» пен «Береке» сауда үйлерінің жұмысы уақытша тоқтатылған. «Shymkent Plaza» мен «Mega Planet» сауда үйлеріндегі «Фиркан» азық-түлік орталығы жұмыс жасауда.
Аудан бойынша дезинфекция жұмыстары жалпы саны 14 сервистік кызмет көрсетуші мекемелер тарапынан жүргізілуде. Залалсыздандыру жұмыстарын арнайы мамандар бекітілген кестеге сәйкес орындауда. Залалсыздандыру үшін қолданылып жатқан ерітінді адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз.
Осы деректерді алға тартқан аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты №35748 әскери бөлімінің әскери қызметшілерінен жасақталған топтың көмегімен «Теміржол вокзалы», «Тәуелсіздік» саябағы мен «Чернобыль» аллеясы, «Қошқар-ата» демалыс аймағы, «Арбат», «Бекет батыр» аллеясы, қала көшелері, тротуарлар, аялдамалар және басқа да қоғамдық орындарда дезинфекция жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.
Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан 125 көше мен мыңнан астам аялдамалар залалсыздандырылған.
Абай ауданында 59 тойхана уақытша жабылды
Төтенше жағдай режиміне орай Абай ауданында вирустың таралуын барынша шектеу мақсатында әуежай мен «Самал», «Бекжан» автовокзалдарының жұмысы тоқтатылды. Қызмет етуі уақытша тоқтатылған нысандар қатарында аудандағы 12 ірі сауда орталықтары, 2 саябақ, компьютерлік клубтар, букмекерлік орталықтар, лото, спорт кешендері, 2 автокөлік базары, 1 мал базары, 59 тойхана, 31 монша да бар. Абай ауданындағы 10 базарда азық-түлікті сату бөлімінен басқа қызмет түрлері тоқтатылды. Ал азық-түліктерді сататын павильондардың жұмысы сағат 10:00-18:00 дейін шектелді. Бүгінде 1054 кіші азық-түлік дүкендері сағат 09:00ден 21:00ге дейін қызмет жасауда. Сұлулық салондары, киім тігетін орындар, көлік жуу, техникалық қызмет көрсету станциялары, ломбард сынды 695 кәсіпкерлік нысандардың жұмыс уақыты 10:00-ден 18:00-ге дейін қысқарды.
Аудан әкімі Бұқарбай Парманов бекітілген кестеге сәйкес жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлік нысандарда күніне 2 рет залалсыздандыру жұмыстары қолға алынғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, аудан аумағындағы 2 саябақпен 453 көпқабатты тұрғын үйлердің кіре берістері мен аулаларын күнделікті дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде.
Дезинфекция жұмысы дер кезінде жүруде
Еңбекші ауданында бір мезгілде 50-ден астам адам бола алатын 28 мейрамханалар (тойханалар), 3 ойын сауық орталығы, 36 монша кешені мен сауна, 13 бильярд клубы, 18 компьютер, интернет-клубы, 18 букмекерлік кеңсе мен лото қызметтері уақытша тоқтатылды. Аудандағы азық-түлік сататын «Айна», «Көктем», «Исатай» базарларының жұмысы 10:00-ден 18:00-ге дейін, ал киім-кешек сататын базарлар («Евразия», «Бенефис», «Әсел», «Алтын Орда» және «Айна» базардағы киім сататын қатары) мен сауда қатарлардың жұмысы тоқтатылды.
Аудан аумағындағы азық-түлік базарлары күніне 2-рет дезинфекциялау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде.
Осылай деген аудан әкімі Ғалымжан Ильясов «Айна» базарындағы «Көктем» автобекетінің жұмысы ағымдығы жылдың 25-наурызынан бастап тоқтатылғанын, ал «Фосфоршылар» сарайы мен «Әсел» базарының алдында апта сайын өткізілетін азық-түлік жәрмеңкелерін өткізу тоқтағанын айтты. Сонымен бірге, аудандағы телефон сататын 7 дүкені де уақытша жабылған. Бір мезгілде 50-ге дейін адам бола алатын 160 қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты 10:00-ден 18:00-ге дейін шектелді. Ал ондағы тағамды жеткізумен айналысу уақыты сағат 18-00-ден 22-00-ге дейін болып бекітілді.
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан тұрғындары мен қонақтарына, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарға меншік түріне қарамастан барлық жайларда, тұрғын үйлерде және аумақтарда, діни нысандарда жеке, отбасылық, еске алу іс-шараларын және басқа да салтанаттар, жиындар өткізуге қатаң тыйым салу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Аудан аумағында жалпы 630 көпқабатты тұрғын үй, 2450 кіре беріс алаң және 435 аула бар.
Сонымен қатар, ҚР қорғаныс министрлігіне қарасты №35748 әскери бөлімінің әскери қызметшілерінен жасақталған топтың көмегімен аудан аумағындағы маңызды нысандарда атап айтқанда, Елшібек батыр, Ш.Уалиханов, Сайрам, Жібек Жолы, Т.Рысқұлов, Тауке хан, Д.Ерімбетов, Ж.Шаяхметов көшелері, тротуарлар, аялдамалар және басқа да қоғамдық орындар дезинфекцияланды.
Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан аудан аумағындағы Төле би, Сайрам, Жібек Жолы, Ю.Саремий көшелері, «Базарқақпа» тұрғын алабы, «18», «Теріскей» шағынаудандарының ішкі орам жолдары залалсыздандырылды. Сондай-ақ, аталған басқарма тарапынан 200-ге жуық аялдамалар мен қоқыс жәшіктері дезинфекциялық өңдеуден өтті.
Шектеу талаптарын бұзғаны үшін 3 кәсіпкер қамалды
Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысындағы шектеулерді бұзғаны үшін Қаратау ауданында 3 кәсіпкер қамауға алынды. Ауданда 600-ге жуық дүкендердің кешкі сағат 21:00-ге дейін жұмыс істеуі жолға қойылды. Сонымен қатар өзге де кәсіпкерлік нысандар, атап айтқанда, кафе, асхана, май ауыстыру орталығы, желімдеу орны, әсемдік салондары, ірі сауда орталықтары мен автокөлік салоны шектелген жұмыс уақытымен тұрғындарға қызмет көрсетуде. Ауданда орын тепкен 6 саябақ пен сквер жабылған.
Аудан әкімі Абзал Әліқұлов Қорғаныс министрлігінің арнайы мамандарымен Қаратау ауданында адамдар көп орналасқан жерлерге дезинфекциялау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек ол, Қаратау ауданында 416 көпқабатты тұрғын үйлер аумағындағы 65 қоқыс алаңшасы тұрақты түрде залалсыздандырылып жатқанын жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстарға мердігер мекемелер қолдау танытуда екен.