«ЖАЛҒАН АҚПАРАТТАРҒА СЕНБЕҢІЗДЕР»
Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі:
Ағымдағы жылдың 31-наурызында Түркістан облысында коронавирус жұқтырған бір науқас тіркелді. Келесі күні олардың саны 5 адамға жетті. Осыған орай 1-сәуірде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс тұрғындарына үндеу жасады. Өз үндеуінде аймақ басшысы тұрғындарға төтенше жағдай кезіндегі барлық тәртіпті сақтауды баса сұрады. Сонымен қатар ол, «COVID-19» вирусының таралуына байланысты облыста қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін айтып, тұрғындарды жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды.
Өз үндеуінде облыс әкімі коронавирус жұқтырған науқастардың барлығы дәрігерлердің бақылауына алынып, емдеу жүргізіліп жатқанын айтты.
Әкімнің сөзінше облыста вирус Әбдіхалық ауылы мен Жетісай қаласында табылған. Эпидемиолог мамандар тарапынан тіркелген ауру ошақтарында залалсыздандыруға байланысты, олармен байланыста болғандарды табу және оқшаулау бойынша эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастыру жұмыстары шұғыл түрде қолға алынған.
Әбдіхалық ауылы мен Жетісай қаласындағы мөлтек ауданда карантин жарияланған. Арнайы мамандардан құралған 6 бригада Жетісай ауданына бет алған. Өмірзақ Естайұлы аудандағы эпидемияға қарсы іс-шараларға облыстың бас инфекционист дәрігері басшылық ететінін айта келе, «Аудан әкіміне, полиция, төтенше жағдай департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура, денсаулық сақтау саласымен бірлесе отырып, шұғыл түрде жоғарыда аталған карантин жарияланған елдімекендер шекарасына блок-бекеттер қоюды тапсырамын»,-деді. Сондай-ақ ол, төтенше жағдай режимін бұзған азаматтар заң аясында жауапқа тартылатынын ескертті.
«Ауданда инфекция ошағы мен қоғамдық орындарда ауқымды дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Бұл өңірде індеттің таралу қарқыны жоғары. Осы ретте облыс тұрғындарын төтенше жағдайға байланысты қабылданған шараларға түсіністікпен қарап, тиісті тәртіптік шараларды сақтауға, дәрігерлердің нұсқаулықтарын бұлжытпай орындауға шақырамын»,-деген Өмірзақ Шөкеев облыс тұрғындарының барлығына келесідей тәртіпті сақтауға шақырды.
Облыс аумағында барлық азаматтар медициналық бетперде киіп жүруі керек. Дүкендер мен қоғамдық орындарда бетпердесіз жүруге тыйым салынады.
Дүкендер мен құрылыс нысандарында арнайы залалсыздандыру құралдары орнатылсын. Бұған сол нысаналардың иелері жауапты болады.
Тұрғындар үйден тек қана азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға немесе жұмысқа бару үшін шығуы керек.
Отбасылық мерекелер және той-жиындарды өткізуге қатаң тыйым салынады.
Тұрғындарды әлеуметтік желілерді шарлаған әртүрлі ақпараттарға сенбей, тек мемлекеттік органдар таратқан ресми мәліметтерге ғана сенуге шақырған аймақ басшысы өз үндеуін былай деп түйіндеді.
«Құрметті облыс тұрғындары! Дәл қазір бүкіл әлем қиын кезеңде тұр. Алайда, біз бұл қиын-қыстау уақыттан да бірлік пен ынтымақтың арқасында аман-есен өтетінімізге мен кәміл сенемін. Қазіргі таңда бізге тыныштық керек. Жалған ақпараттарға сенбеңіздер. Ресми ақпаратпен біз сіздерді қамтамасыз етеміз. Біз күнделікті жағдайды қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Біз біргеміз!».