ҚАУІПСІЗДІК ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАНАДЫ

Аптаның алғашқы күнінде Түркістан облысының аумағына азаматтардың кіріп-шығуын бақылап, тексеруден өткізетін блок-посттар саны 38-ге жетті. Бақылау бекеттерінен тәулігіне 36 мыңнан астам адам тексеруден өткізілуде. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, өңірдегі блок-посттарда бейнебақылау камералары орнатылған.

Оған қоса «Сергек» камералары арқылы полиция қызметкерлері көліктердің бағытын қадағалап отырады. Барлық бейнежазылым 30 күн бойы сақталады.

Тиісті мамандардың шетелдік нөмірлі көліктер мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген автокөліктерді тіркеуге алу бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бақылау бекеттерінде полиция, дәрігерлер мен жедел-жәрдем және төтенше жағдай қызметкерлері тәулік бойы қызмет етуде. Блок-посттардағы бейнебақылау камералары облыс әкімдігінде құрылған ахуалдық орталыққа қосылған. Коронавирус індетінің таралуына жол бермеуге және жағдайды сараптамаға ала отырып, халыққа шынайы ақпарат дерегін жариялап отыруға бағытталған тәулік бойы жұмыс істейтін ахуалдық орталықта барлық құзырлы басқармалардың мамандары жұмылдырылған.

COVID-19 вирусымен күрес үшін Түркістан қаласындағы қоғамдық орындарда да сақтық шаралары қатаң бақылауға алынған. Облыс әкімдігінің ұйымдастырумен тұрғындардың сауалдарына шұғыл жауап беру үшін арнайы Call-орталық жұмыс істейді. Байланыс орталығына түсу үшін азаматтар 109 нөмірін теруі жеткілікті. Байланыс орталығы тәулік бойы 24/7 форматта қоңыраулар қабылдайды.

Инфекцияның алдын алу және онымен күрес бойынша барлық мәліметті Түркістан облысы әкімдігінің желідегі «Түркістан COVID-19 облыстық шұғыл ақпарат тарату штабы» парақшасынан да білуге болады.