ДЕЗИНФЕКЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТЫҢ ӨЗ ТӘРТІБІ БАР

Түркістан облыстық дезинфекция орталығының мамандары аудандағы залалсыздандыру жұмыстарымен айналысатын қызметкерлерге онлайн режимде тәжірибелерімен бөлісті.

 

Яғни, орталық мамандары аудан, қалалардағы әріптестеріне дезинфекция жұмыстарының нұсқаулықтарымен жіті таныстырды. Бұл аудандағы мамандардың біліктілігін көтеріп, залалсыздандыру жұмыстарының сапалы атқарылуы үшін қажет.

Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде залалсызданыдру жұмыстары қарқын алған. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстардың да өзіндік тәртібі бар. Оны білу маман үшін де тұрғындар үшін аса маңызды. Сондықтан да залалсыздандыру жұмыстарының реті, осы жұмыстар орындалғанға дейінгі және одан кейінгі тұрғындардың әрекеті қандай болу керектігін біле жүріңіз.

Залалсыздандыру жұмыстарына тек 18 жастан асқан азаматтар ғана тартылады. Олар техникалық құралдармен жұмыс істегенде және дезинфекциялық ерітіндіні дайындау кезінде жеке бас қорғанышын сақтау үшін міндетті түрде арнайы қорғаныс киімін киюі қажет.

Залалсыздандыру іс-шараларын жүргізу кезінде қолданылатын дезинфекциялық дәрілердің қауіптілік деңгейлеріне байланысты 4-ші сыныпқа жатқызылған қауіптілігі аз құралдарды, әдістемелік нұсқамасына сай қолдануға рұқсат беріледі.

Дезинфекциялық іс-шараларын жүргізуші тұлға залалсыздандыру жұмыстарына кіріспес алдын міндетті түрде көршілерге ескерту жасауы тиіс. Залалсыздандыру жұмыстары үйде науқас немесе мүгедек адамдар болмаған жағдайда жүргізіледі.

Мамандар дезинфекция жұмыстары жасалғаннан соң, үй иелеріне залалсыздандыру жұмыстарынан кейін белгілі бір уақыттан соң бөлмелерге ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу қажеттігін, препараттың жағымсыз иісін бөлмелерді желдету арқылу кетіріп кіруі маңызды екенін ескертуі керек. Жалпы дезинфекциялық жұмыс барысында темекі шегуге, тамақ ішуге болмайды. Дезинфекциялық заттармен бірге тамақ өнімдерін сақтауға, тасымалдауға қатаң тыйым салынады. Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін дезинфекциялық құралдарды әдістемелік нұсқамасына сай қолдану қажет және қараусыз қалдыруға немесе біреуге беруге тағы болмайды. Жұмыс орындарында қолданылған құрал-жабдықтарды, жұмыс істейтін жабдықтарды қараусыз қалдыруға тыйым салынады.

Жұмыс күні аяқталғаннан кейін әрбір қызметкер өзінің жұмыс орнында құрал-жабдықтардың ажыратылғанын, тазаланғанын тексеріп, жұмыс орнын ретке келтіруге міндетті.

Егер де дезинфекциялық препараттармен абайсызда уланған жағдайда мынадай алғашқы көмектер көрсетіледі:

– тыныс алу мүшелерінің тітіркендірілуі байқалған жағдайда жұмысты тоқтатып, зардап шегушіні жұмыс жайынан таза ауаға немесе жақсылап желдетілетін бөлмеге шығарады;

– ауыз бен мұрын қуысын сумен шаю керек. Қажет болған жағдайда дәрігерге көрінуі керек;

– егер ерітінді асқазанға түссе, 10-20 үгітілген белсендірілген көмір таблеткаларымен бірнеше стакан су ішкізу керек. Уақыт жоғалтпай дәрігерге көріну қажет;

– құрал көзге тиіп кеткен жағдайда, көзді 10-15 минут бойы ағын сумен жуып, натрий сульфациліннің 30 % ертіндісін тамызу керек.

Бұл деректерді Түркістан облыстық дезинфекция орталығының өкілі Индира Әубәкірова айтып берді.