ЖЕТІСАЙДА ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ ЕНГІЗІЛДІ
Ағымдағы жылдың 31-наурызында Түркістан облысында COVID-19 вирусын жұқтырған алғашқы науқас тіркелді. Келесі күні олардың саны 5 адамға жетті. Одан кейінгі, 2-сәуірде облыс бойынша қауіпті індетті жұқтырған тағы 6 адам анықталды. Олардың 3-уі Жетісай ауданының тұрғындары. Осылайша облыс бойынша коронавирусты жұқтырғандардың саны 11-ге жетті. (авт. 2-сәуірдегі жағдай бойынша)
Жетісай ауданының өзінде екі күнде қауіпті вирусты жұқтырғандардың 5 адамға жетуі жедел қауіпсіздік шараларын қолға алуды талап ететіні сөзсіз. Осыған байланысты 1-сәуірде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Жетісай ауданының әкімініне құзырлы орган өкілдерімен бірлесіп, қауіпсіздік шараларын күшейту туралы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес Жетісай ауданында төмендегідей шектеу шаралары енгізілді.
Аймақ басшысының тапсырмасымен инфекция табылған Жетісай ауданындағы Әбдіхалық ауылы мен Жетісай қаласындағы «Садовый» ықшам ауданы 1-сәуірден бастап карантинге жабылды.
Сақтық шараларын барынша сақтау мен төтенше жағдай талаптарын бұзбау жөнінде аудан әкімдігі, прокуратура қызметкерлері, полиция бөлімінің инспекторларының қатысуымен қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Бекітілген шектеу шараларына байланысты азық-түлік дүкендері күндізгі сағат 09:00-ден кешкі 21:00-ге дейін, ал азық-түлік базарлары сағат 10:00-ден 18:00-ге дейінгі аралықта жұмыс істеу тәртібіне көшті. Аудандағы қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы кешкі сағат 21:00-ге дейін шектелді. Банктер, почта байланыс және жекеменшік нотариустардың жұмысы сағат 10:00-16:00, дәріханалардың жұмысы 09:00-21:00 аралығы болып белгіленді. Ал әсімдік салондары, техникалық қызмет көрсету орталықтары сынды кәсіпкерлік нысандардың жұмысы сағат 10:00-де басталып, 16:00-ге дейін қысқарды. Енді Жетісайдағы жанармай құю бекеттері сағат 10:00-18:00 аралығында ғана жұмыс істейтін болады.
Ағымдағы жылдың 1-сәуірінен бастап сағат кешкі 19:00-ден таңғы сағат 06:00 аралығында қала ішінде көлік және адамдардың жүрулеріне шектеу қойылды. Тәртіпке бағынбаған азаматтарға ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабымен хаттама толтырылып, айыппұл салынады.
Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қаланың көшелері күнделікті дезинфекцияланатын болады.