«ҚАЛАНЫ ТОЛЫҚ КАРАНТИНГЕ ЖАБУҒА НЕГІЗ ЖОҚ»

Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі:

 

Аптаның сәрсенбісінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ресми мәлімдеме жасады. Өз кезегінде Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкентте коронавирус індетін жұқтырған азаматтардың жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланған тәртіппен ем қабылдап жатқанын, олардың жағдайы тұрақты екенін айтты. Қала әкімі өз мәлімдемесінде орын алған жағдай қалай өрбігенін баяндап, індетке қарсы күрес бойынша Шымкентте атқарылып жатқан қауіпсіздік шараларының негізгі бағыттарын атап өтті. Назарларыңызға әкімнің қала тұрғындарына жасаған мәлімдемесінің ықшамдалған нұсқасын ұсынамыз.

Құрметтті Шымкент қаласының тұрғындары!

 

Ағымдағы  жылдың 16-наурызында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында төтенше жағдай режимін жариялады. Сол уақыттан бастап еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың таралуын алдын алу бойынша бекітілген алгоритмге сәйкес жұмыстар атқаруда. Өкінішке орай, Шымкентте коронавирус індетін жұқтырған екі азамат тіркелді. Қазіргі уақытта олар Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланып, ем  қабылдауда. Жағдайлары тұрақты. Бірінші науқас 18-наурызда елордадан «Нұр-Сұлтан-Жетісай» бағытымен жүретін 51 адам мінген автобуспен қалаға қарай бет алған. Ол қалаға 20-наурыз сағат 23:30-да жеткен. Қалаға келген бойда оны әкесі өз көлігімен күтіп алған. Онымен бірге «Бекжан» автовокзалынан тағы үш азамат түсіп, олар Түркістан қаласы бағытына жолға шыққан. Қалған 47 азамат Жетісай бағытына сол автобуспен  сапарын жалғастырған. Ал жаман індетті жұқтырған азамат 23-наурызға дейін үйінде  өз бетінше ем қабылдаған. Ауруы асқынған соң жергілікті амбулаторияға жоғары дене қызуы, бас ауруымен шағымданған.  Нәтижесінде ол азамат отбасымен стационарлық бақылауға алынған.  Бүгінде аталған азаматтың анасынан алынған тест-анализ коронавирустың оң нәтижесін көрсеткен.

Осыған орай, шүғыл түрде науқастармен қарым-қатынаста болған азаматтарда оқшауланып, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

Бүгінгі таңда Нұр Сұлтан, Шымкент қалалары мен Түркістан облысындағы аталған науқаспен байланыста болған барлық азаматтар оқшауландырылып, бірлескен шаралар ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда індеттің алдын алу мақсатында үздіксіз жұмыстар жүргізілуде. Қауіпсіздік шараларының негізгі бағыттарына тоқталып өтсем.

Біріншіден, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қалаға кіре беріс жол қақпаларына 12 санитарлық бекет қойылды.

Екіншіден, қаладағы базарлар, сауда орындары, автобустар мен басқа да адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарда дезинфекциялық жұмыстар күніне екі рет жүргізілуде.

Үшіншіден, барлық қоғамдық орындарға бетпердемен кіру міндеттелді.

Төртіншіден, қала аумағындағы барлық оқу орындары демалысқа шығарылып, қашықтықтан оқыту жүйесіне көшуде. 26-наурыздан бастап барлық балабақшалар жұмысын тоқтатады. Сауда орындары мен мейрамханалардың жұмыс уақыты шектелді. Тойханалар мен ойын-сауық орындарының жұмысы толығымен тоқтатылды.

Бесіншіден, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар  бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында арнайы штаб құрылды. Азық-түліктің бағаларына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Бүгінде аса қажет 19 азық-түлік түрінің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін 3 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қазіргі таңда азық-түлік қоры жеткілікті.

Алтыншыдан, бүгіннен бастап автобекеттердің жұмысы толығымен тоқтатылды. Төтенше жағдайға байланысты қоғамдық көлік бағыттарының 25 пайызы қысқартылды.

Жетіншіден, қала аумағында індеттің жаппай таралу қаупі анықталған жағдайда  жедел әрекет етудің алгоритмі әзірленді.  Ауруларды жатқызатын 170 орындық инфекциялық стационар құрылды. Бұдан басқа 680 орындық провизорлы және 1500-ге жуық карантиндік стационар дайындалды.

Бүгінгі таңда медицина қызметкерлерінің жұмысына қажетті құрал-жабдықтар, дәрілер толығымен жеткілікті. Қажеттілік бойынша бекітілген алгоритм бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

Қазіргі таңда қаланы толық карантинге жабуға негіз жоқ. Мәселе менің бақылауымда болады.  Қала тұрғындарын ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай байланыс орталығы (39-50-55) құрылды.

Қала тұрғындары еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған профилактикалық шараларды қатаң сақтауы қажет. Төтенше жағдайда әрбір тұрғынның қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан барлығымыз арнайы талаптарды сақтауға міндеттіміз.

Құрметті жерлестер!

Төтенше жағдай кезінде барлық сақтық шараларын қолданып, өздеріңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігін сақтауды сұраймын.

Сіздің қауіпсіздігіңіз – елдің қауіпсіздігі.  Біз біргеміз! Ел аман, жұрт тыныш болсын. Бұл қиындықтарды жеңетінімізге сенемін.

 

Қ. ҚАЛИЕВ.

 

Бет қатталып жатқанда:

 Кеше кешке Шымкент  қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ontustik»  телеарнасы арқылы жасаған мәлімдемесінде Абай ауданындағы «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабында 14 күндік карантин режимі енгізілетін айтты. Инфекци  яның таралуына жол бермеу мақсатында 28-наурызда түнгі сағат 00:00-ден бастап қалада келесідей шектеулер болатынын ескертті. Әуежай, теміржол және автовокзалдар, автокөлік базары, жәрмеңке мен телефон сататын дүкендер жұмысы толық тоқтайды. Отбасылық шараларды өткізуге қатаң тыйым салынады. Мал базары тек жексенбі күні жұмыс істейді. Қала аумағына сағат кешкі 21:00-ден таңғы 07:00-ге дейін автокөліктер мен азаматтардың кіруіне және шығуына тыйым салынады. Бұл транзиттік көліктер мен азық-түлік тасымалдайтын көліктерге қатысы жоқ. Қала әкімі қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы бұған дейінгідей 22:00-ге дейін емес, 18:00-ге дейін шектелетінін айтты.