ҚАЗІР ТОЙ ТОЙЛАЙТЫН УАҚЫТ ЕМЕС, ТӘРТІПКЕ БАҒЫНАТЫН УАҚЫТ
Тиісті қорғаныс шараларын өткізбесе коронавирус кез келген елдің тағдырын қыл үстінде қалдыруы мүмкін. Бұған әлем елдерінде болып жатқан кері көрсеткіштер дәлел. Өкінішке орай Қазақстанға бұл індет 13-наурызда жетті. Ауру тіркелген күннен соң, мемлекет басшысы елде төтенше жағдай режимін жариялап, қоғамдық орындардың жұмыс істеу уақытын шектеді. Бірақ енгізілген тәртіпке бағынбайтындар кездесуде.
Аптаның сәрсенбісінде еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев елімізде төтенше жағдай режимін бұзған 64 адам қамауға алынғанын айтты. Бұл әуелде айтқан сөзіміздің қайнар көзі. Өз сөзінде ол
«Бірден айтайын, азаматтарымыздың басым бөлігі төтенше жағдай режимі талаптарына түсіністікпен қарайды. Дегенмен, барлығы бірдей олай ойламайды. Негізінен заңбұзушылықтар Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 476-бабы бойынша орын алуда. Аталған бап бойынша жауапкершілік шарасы 10 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 15 тәулікке қамау», — деді министр.
Оның мәлімдемесіне сүйенсек, енгізілген шектеулерге қарамастан Қазақстанның біраз өңірінде арагідік тойлар мен жиындар, салтанатты шаралар өтуде. Кейбір кафелер мен интернет-клубтар, балаларға арналған үйірмелер жұмыс істеуде екен. Қауіп деңгейін көтеретін осындай 313 дерек анықталған. Нәтижесінде 94 адам жауапқа тартылып, оның 64-і қамауға алынған.
Заңға бағынбағандардың арасында күнгейліктер де көп кездеседі.
Жуырда Төлеби аудандық соты жергілікі кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы қабылдады. Өз кезегінде Ш.Э.есімді кафе иесі 20-наурызда енгізілген шектеулерге қарамастан түн жарымға дейін жұмыс істеп, төтенше жағдай режимін бұзған. «Соттың қаулысымен Ш.Э -ге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабында көрсетілген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 26510 (жиырма алты мың бес жүз он) теңге айыппұл салынған. Осыған ұқсас мысал Созақ ауданында 17-наурызда тіркелген. Азамат С.Ш. өз иелігіндегі кафеде сағат 22:16-да тұтынушыларды қабылдаған. Сот қаулысымен оған да 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған.
Төтенше жағдай режимін бұзу тек кәсіпкерлер тарапынан орын алып отырған жоқ. Қарапайым халық тойханаларда той жасау уақытша тоқтатылғандықтан, құдалық, мерейтой, беташар сынды отбасылық мерекелерді өз аулаларында еш қамықпай өткізіп жатыр. Төтенше жағдай режимі енгізілген алғашқы күндері мұндай жағдай Түркістан қаласында тіркелген. Күшейтілген режимде жұмыс істеген жергілікті тәртіп сақшылары, өз ауласында той өткізіп жатқан азаматты анықтап, тиісті хаттама толтырып, оны қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жолдаған. Бұл шара өзгелерге сабақ болмаған сыңайлы. Арада бірнеше күн өткенде Мақтаарал ауданында тағы екі отбасы өз ауласында беташар өткізіп, төтенше жағдай режимінің талабын белден басады. Беташар өткізу Жетісай ауданында да, Арыс қаласында да тіркеледі. Той иелерінің барлығы заң аясында жауапкершіліке тартылады.
Бұл мысалдардан «жергілікті халықтың барлығы коронавирус індетінен қорғану шараларын немкеттілікпен қарайды» деген тұжырым жасауға болмайды. Халықтың басым көпшілігі ауру адамдарға ауыз салмаса екен деп отыр. Бірақ базбір адамдар бой бермей тұрған ауру туралы жалған ақпарат таратып, елдің үрейін туғызуда. Жуырда Түркістан қаласында үш азамат ватсап желісі арқылы Еуропада саяхаттап келген тұтас бір отбасын коронавирус дертіне шалдыққан деп жалған ақпарат таратып, жұрттың жағасын ұстатқан. Бұл былайғы жұртты шошындырса, әлігі отбасылардың барлық мүшесі үшін үлкен моральдық соққы болғаны сөзсіз. Өз кезегінде жергілікті полиция қызметкерлерінің араласуымен ватсап желісі арқылы шындықтың ауылынан алыс жатқан ақпаратты таратып, елдің үрейін туғызған үш азамат анықталған. Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан деректер бойынша аталған жайт ҚР ҚК-нің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша СДТТБТ-ға тіркелген.
«Біреу тойып, біреу тоңып секіреді» демекші, коронавирус түрлі сәтсіз әзілдердің өзегіне де айналды. Жуырда Қостанай облысында учаскелік полиция 28 жыл сақталған спирт тола бөшкені тауып, ондағы өнімнің таза екеніне көз жеткізу үшін біршама бөлігін еденге төгіп, оған от қояды. Одан соң осыншама спиртпен коронавирус қорқынышты емес екенін айтады. Отыз тістен шыққан бұл сөзін отыз рулы елге тарату үшін әлеуметтік желіге салып, абыройдан жұрдай болады. Полицей көп ұзамай қызметінен босайды.
Желіде карантин режимінен әйелінің сөзі мен өзінен әбден жалыққан ер азаматтардың әзілі де белең алды. Адамдардың тамақты тоя-тыңқия жеумен күн өткізіп жатқаны туралы вайндарда қаптап кетті. Мейлі ғой, мұның барлығы халықты сары уайымға салынбай, жарқын күндерге деген сенімді жоғалтпауға шақыратын шығар. Бірақ та біз қазір әр күнімізді құр өткізбеуіміз керек. Өзімізге де, қоғамға да пайдасы бар дүниені жасауымыз қажет. Жақсылық тек ақша берумен шектелмейді. Ол тәртіпке бағыну, өзгеге зиян тигізбеу, өзгенің еңбегін зая кетірмеу, іздену, өзіңді дамыту және тағы басқа дүниелерден тұрады.
Яғни, дәл қазіргі жағдайда тығылып табыс тауып, той жасайтын кез емес, табандылық танытып, төтенше жағдай режимін сақтап, тәртіпке бағынатын кез. Сыпсың сөз айтып, елдің үрейін туғызатын кез емес, тек ресми мәліметерге сеніп, сақтық шараларын сақтайтын кез. Әзіл айтып, болып жатқан құбылыстар мен өзгерістерге ат үсті қарайтын кез емес, әр нәрседен сабақ алатын кез. Осы ойымызды режиссер Талғат Теменовтың мына бір сөзімен түйіндеуді жөн санап отырмыз.
«Бір асқанға, бір тосқан. Адамдар есін бір сәт жиғандай. Адам үшін де, тіршілік үшін де ең үлкен бақыт ол – Өмір. Ол-атқан таңға, батқан күнге куә болу, кеудең тола дем алу, сүйген ісіңмен айналысу, жақындарыңмен дос-жаранмен бір болу. Бұл Алланың адамға берген ең Үлкен сыйы. Иә, қазір-карантин. Үйқамақ… Далаға да, қалаға да, қалаған жеріңе де бара алмайсың. Бәріміз – бір сәт үйқамақтың не екенін енді түсініп жатырмыз… Бізге де дәл қазір тек қана төзімділік керек. Иә, иә бізге өзімділік емес, төзімділік керек…»