ІНДЕТТІ ЖҰҚТЫРҒАНДАР САНЫ ЖАРТЫ МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚТАДЫ
Жуырда қоғам белсенділері Италия газеттерінің некрологқа айналғанына өкініш білдіретіні туралы жазбалармен бөліскен болатын. Газетіміздің бүгінгі шығарылымы коронавирусқа байланысты елімізде атқарылып жатқан жұмыстар мен сақтық шараларына қатысты ақпараттар көптеп беріліп отыр. Әрине бұл италяндық басылымдардың басынан кешкен жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда жақсы құбылыс.
Қазіргі таңда індет әлемнің 175 еліне таралып үлгерді. Ауру жұқтырғандар саны 495 мыңнан асты. Ал коронавирус дертімен көз жұмғандардың қатары 22295-ке жетті. Ауру жұқтыру көрсеткіші бойынша алғы шепте Қытай тұрса, екінші орында Италия жайғасып тұр. Бестікті АҚШ, Испания, Германия түйіндейді. Әлем бойынша аурудан айыққандардың саны 119978-ге жеткен. Ем-дом көрсеткіштерінің нәтижелі болуы Қытайда, Иранда, Италияда байқалады. (26-наурыздағы жағдай бойынша).
Ал Қазақстандағы жағдай қандай?
Кешегі жағдай бойынша елімізде коронавирус індетін жұқтырғандар саны 112-ге жетті. Науқастардың басым бөлігі елордада тіркелген. Індет еліміздің 8 өңірінде тіркелді. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалалары мен Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстары.
Екі науқас аурудан айықты. Өкінішке орай кеше бір науқас әйел көз жұмды.
А. САТЫБАЛДЫ.