ЗИЯНКЕС ЖҰҚТЫРҒАН ЖЕМІС ЖОЙЫЛДЫ

«Ауру – астан». Елордаға «Комсток сымыры» зиянкесін жұқтырған мандариндердің ірі партиясы жеткізілген. Алайда тиісті мамандардың дер кезінде қабылдаған шараларының арқасында Грузиядан әкелінген цитрусты жемістер экологиялық полигон аумағында өртелді.

Бұл туралы еліміздің Ауыл шаруашылығы минстрлігі мәлімдеді. Зиянкес жұқтырған жемістің жалпы көлемі 1 210 келіден асады. Бір тоннадан астам жемістің адам ағзасына пайдасынан гөрі зиянды екенін Нұр-Сұлтандағы өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар фитосанитарлық бақылау барысында анықтаған. Карантиндік зиянкестердің таралып кетпеуі үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік инспекторлары өнімнің барлығын тәркілеп, арнайы орында өртеген.
Өнім иесінің үстінен әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен оған 53025 теңге айыппұл салынған.
Жалпы өсімдіктердің жаппай қурауына алып келетін «комсток сымыры» зиянкесі тек мандаринде ғана кездеспейді. Ол сонымен қатар, алмұрт, алма, анар, шабдалы, өрік, банан, інжір, жүзім, долана, картоп, қарбыз, қауын және тағы басқа жемістерде «тіршілік» етеді.