АЛМАТЫДАН ТІКЕЛЕЙ ПАРИЖГЕ ҰШАТЫН КҮН АЛЫС ЕМЕС

Өткен жылдың қараша айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ел аумағындағы әуежайларда «Ашық аспан» режимі іске қосылған болатын.

Осы режимнің негізінде биыл елімізде 14 халықаралық әуе рейсін ашу жоспарланып отыр.

 

Бұл туралы еліміздің әуежайларындағы «Ашық аспан» режимі талқыланған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды.

Соған сәйкес биыл еліміздегі әуежайларда Доха-Нұр-Сұлтан; Доха-Алматы; Алматы-Варшава; Алматы-Маскат; Ақтау-Минск; Кувейттен Қазақстан Республикасына; Куала-Лумпур; Алматы-Лондон; Тель-Авив-Алматы; Алматы-Париж; Алматы-Мумбай; Шымкент-Джидда; Шымкент-Медина; Нұр-Сұлтан-Дели; бағыттары ашылады. Аталған бағыттар бойынша жолаушыларды Qatar Airways, LOT, Salam Air, Jazeera Airways, Air Asia X, Israir, Air Astana, SCAT сынды ірі компаниялар тасымалдайтын болады.

Өз кезегінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев өткен жылы елімізде отандық және шетелдік әуе компаниялары 12 халықаралық әуе рейсін ашқанын айтты.

Бүгінде Қазақстан 26 елмен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасын жүзеге асыруда.

С. Нұрай.