САРЫАҒАШТА – ТУРИЗМ, СОЗАҚТА – ТҮЙЕ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМИ ТҮСПЕК
Өткен аптада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бірқатар аудан, қала әкімдерінің 2019 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысымен танысты. Жыл бойындағы жұмыстарын саралауды статистикалық көрсеткіштермен, пайыздық өлшемдермен өрбітуге жаттығып алған әкімдер аймақ басшысына мынадай мәліметтерді алға тартты.
Сонымен экономикасының негізгі тірегі ауыл шаруашылығы саласы болып табылатын Сарыағаш ауданында былтыр жалпы өндірілген өнім көлемі 77 млрд. теңгеден асқан. Алдағы уақытта егістік алқабы 65 мың гектарға ұлғайтылып, жылыжай шаруашылығы мен тамшылатып суару әдісін қосымша 400 гектар жерге жаңадан ендіру жұмыстары жүргізілмек. Аудан әкімі Мұхит Отаршиев жеміс-жидек өнімдерін өсіру ісін кеңейту көзделіп отырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол, ауданда алдағы уақытта туризмді дамыту барынша жүзеге асырылатынын жеткізді.
Былтыр ауданға 120 мыңнан астам туристер келген. Өз кезегінде олар минералды суымен танымал шипажайларға ат шалдыратыны сөзсіз. Қазіргі таңда ауданда 40-қа жуық сауықтыру санаториясы, балалар шипажайлары, гольф клубтар мен 20-дан астам қонақ үй жұмыс істейді. Яғни онда, істің көзін таба білетін басшы үшін туризмді табудың барлық тетігі қарастырылған. Бірақ оның қашан қарқын алатынын аудан әкімі нақты айтпады.
Дей тұрғанмен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан әкіміне «Құрғақ сөз айтатын уақыт кетті. Нақты және нәтижелі жұмыс болсын. Жүктелген тапсырмалар міндетті түрде орындалуы керек. Атқарылатын барлық жұмыстарды қадағалайтын боламын», — деп қадап айтты. Облыс әкімінің бұл сөзінен Сарыағаштың жасөспірімдердің зорлық-зомбылық көруі, білім саласындағы заңсыздықтар бойынша да ел назарын аудартқан аудан ретінде де былайғы жұртқа жақсы таныс екендігі, сондықтан да осы бағытта кемшіліктерді жою шаралары кезек күттірмей орындалуы тиіс деген түсініктің табы жатқанын болжау қиын емес сияқты.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда ауданда мектеп жетімсіздігі, ауыз су мәселелері өзектілігін жоймағанын айта кетейік.
Айтпақшы, осы кездесуден кейін бірер күннен соң, аудан әкімі Мұхит Отаршиев Сарыағаш тұрғындарына өткен жылы атқарылған жұмыстары бойынша есеп берді. Есеп беру жиынына облыс әкімі ескертусіз кіріп келген. Сол кезде біраз тұрғындар Өмірзақ Естайұлына өздерінің ұсыныстарын жеткізген. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі сөз барысында «Жылдық есеп беруде цифрдан гөрі орындалған жұмыстар жайлы ашық, бүкпесіз әңгіме айтылуы тиіс» екенін алға тартқан.
Өткен жылы атқарылған жұмыстарының қорытындысын аймақ басшысына таныстырған кезекті әкім Салыхан Полатов. Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатовтың сөзінше 2019 жылы аудан жергілікті бюджетке 6 млрд. теңге қаржы түсіріп, жоспарды артығымен орындаған. Аудан экономикасына өткен жылдармен салыстырғанда тартылған инвестиция көлемі 125%-ға артқан. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірлік кәсіпкерлік қолдау картасы тізіміне 6 жаңа жоба енгізілген.
Шолаққорған ауылынан 120 га жерге жобалық құны 50 млн. АҚШ долларын құрайтын «ЮКСЭС-50» ЖШС-нің күн электр станциясын салу құрылысы аяқталған. Алдағы уақытта онда тұрақты жұмыс орындары ашылатын болады. Өткен жылы ауданда бірнеше жаңа мектеп ашылған. Жаңа магистралды газ құбырының құрылысы мен ауыз сумен жабдықтау жұмыстары басталған. Екі саябақ салынып, 20 шақырым жолды асфальттау жүзеге асқан. Ауданда 400 мыңға жуық мал басы өсірілуде. 2018 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара, жылқы мен түйе саны өскен. Өз кезегінде облыс басшысы Созақ ауданында түйе шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар міндеттер жүктеді. Ол: «Түйе шаруашылығын дамытуға ауданның табиғаты қолайлы, сондықтан осы кәсіпті мықтап қолға алу керек. Бұл мәселені дұрыс жолға қойып, ішкі нарықты қамтуға қауқар жетеді деп ойлаймын», — деді Өмірзақ Естайұлы.
Жалпы Созақ өлкесі Түркістан облысында дотациядан арылып, донарлы өлкеге айналған аудан ретінде ерекшеленеді. Бірақ ауданда әлі күнге дейін шешімін күтіп отырған мәселелер жетерлік. Соның бірі жолдарға асфальт төсеу жұмыстарының толық шешілмегендігі және тұрғындарды көгілдір отынмен қамту жұмыстарының күн тәртібінен түспегендігі болып табылады.