ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ – ҚЫЛМЫС
Қыз алып қашу дәстүр емес, қылмыс. Түркістан облысының прокуратурасы осыны алға тарта отырып, шаңырақ көтергісі келетін азаматтардың «қыз алып қашу – дәстүр» деген ұғымнан қашық болуын ескертеді.
Қадағалаушы орган өкілдері былтыр елімізде дәл осындай қылмыстың 210 фактісі тіркелгенін мәлімдейді. Оның жартысына жуығы, дәлірегі, 102-сі Түркістан облысында орын алған.
Облыста қыз алып қашу оқиғасы көп тіркелетін аумақ Түркістан қаласы. Былтыр киелі кентте мұндай фактінің 29-ы орын алған. Сайрам мен Кентау қаласында мұндай жағдайдың 19-ы тіркелген. Сонымен қатар, Жетісай, Мақтаарал, Келес пен Төлеби аудандарында да осындай фактілер жиі кездеседі.
Осыған орай Түркістан облысы прокуратурасы азаматтарға қыз алып қашу жағдайы ҚР ҚК «Адам ұрлау» бабымен жазаға тартылатынын қатаң ескертеді. Сондай-ақ, оған қатысқан барлық азаматтар жазықсыз қалмайтынын шегелеп, заңды мүлтіксіз орындауға шақырады.