ЖАРҚАНАТТАР ҚАЛАНЫ БАСЫП АЛДЫ

Австралиядағы Ингэм қаласының тұрғындарынан маза кетті. Қала аспанын тұтастай жарқанаттар басып қалды.
Мыңдаған жарқанаттардың ұшуынан өңірде ауа сапасы нашарлап, айналаға жағымсыз иіс жайылды. Сонымен қатар, жарқанаттардың жаппай ұшуынан төңірек ластанды. Олардың шуылы да тұрғындардың наразалығын тудыруда. Бұл туралы ВВС жазады.
Мұндай бейберекеттің орын алуын жергілікті билік жарқанаттардың күрт көбеюімен байланыстырады. Аталған елде сүтқоректілердің бұл түрін жою заңмен тыйым салынған. Сондықтан да аспанда қаптаған жарқанаттарды жоюдың жалғыз жолы – оларды орманға қарай қуу деп атап көрсетеді мамандар. Бұрындары жарқанаттар тек орманда күнелткен. Бірақ бертін келе ботаникалық бауға қарай мекендеген. Одан соң олар мектеп жанындағы ағаштарға қарай қонақтаған. Осылайша Ингэм аспанын торуылдауға көшкен.
Ингэм қаласының мэрі Реймон Джейо журналистерге берген сұхбатында «Австралиядағы барлық жарқанаттар осы Ингэм аспанында ұшып жүргендей. Олардың уақыт өткен сайын көбейіп жатқаны басты мәселеге айналып тұр. Бұл хаос жалғаса беретін болса, жақын күндері жарқанаттар Ингэмге сыймай қалуы да мүмкін» деген пікір айтады.
Жарқанаттар адамдарды тістеу мен оларға жарақат салу арқылы құтыру вирусын таратады. Сондықтан да австралиялық ата-аналар балаларын мектепке жібермей, үйде ұстап отыруға мәжбүр болып отыр. Сүтқоректілердің бұл түрі өзге де жұқпалы вирустарды таратушы болып есептеледі. Көптеген деректерде, жарқанаттардың Батыс Африка тұрғындарын титыққа салған Эбола вирусының табиғи таратушысы екені айтылады.