АНТАРКТИДАНЫҢ АУА-РАЙЫ АЛАҢ ТУҒЫЗЫП ОТЫР
Мамандар Антарктиданың ауа райына алаңдаулы. Себебі, соңғы жылдары мұзды құрылықты жылы ауа температурасы жайлап келеді. Бұл онда өмір сүретін жануарлардың денсаулығына зиян тигізіп қана қоймай, төрткүл дүние тіршілігіне де кері әсерін тигізуі мүмкін.
Жуырда Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (WMO) Антарктидадағы жылы ауа температурасының жаңа рекордын жариялады.
Яғни, ағымдағы жылдың 6-ақпанында Антарктидада ауа райы 18,3 градусқа дейін жылыған. Бұл рекордтық көрсеткіш. Өйткені бұған дейін әлемдегі ең суық континетте мұндай жылы ауа температурасы байқалмаған. Антарктидадағы жылы ауа температура көрсеткішінің соңғы рекорды 2015 жылдың 24-наурызында тіркелген. Дәл сол күні «Эсперанса» станциясының термометрлері 17,5 градусқа дейін көтерілген.
Ғалымдар Антарктида климаты басқа материктерге қарағанда тез өзгеріп жатқанын алға тартады. Антарктидада ауа температурасының жылынуы ондағы қалың мұздардың еріп, теңіз деңгейінің көтерілуіне әсер беретіні сөзсіз.
Айта кетсек, мұзды континенттегі ең қатты аяз 1983 жылы тіркелген. Ол кезде ауа температурасы −89 градусқа дейін төмендеген.