ТҮРКІСТАН: РЕЗЕРВКЕ ЕНГЕН 10 ЖАСТЫ ЛАУАЗЫМДЫ ҚЫЗМЕТКЕ ҚАБЫЛДАУҒА ДАЙЫН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Президенттік жастар кадрлық резервіне 300 жас маманның іріктеліп алынғаны белгілі. Осыдан біраз бұрын мемлекет басшысы «жүзден жүйрік шыққан» сол жастармен Ақорда сарайында кездескен-тін. 

Қаңтардың бел ортасында болған сол жиында Қасым-Жомарт Кемелұлы резервке енген 55 азамат жаңа қызметке бекітілгенін, бұдан бөлек биыл тағы 100 адамды жаңа қызметке тағайындау жоспарланып отырғанын тілге тиек еткен. Осы аптада солардың бірқатарының қандай қызметке тағайындалғаны белгілі болды.
Солардың бірі – Самат Рамазанов. Президенттік жастар кадрлық резервіне енген Самат Рамазанов «Түркістан облысының жер қатынастары басқармасы» ММ-нің басшысы болып бекітілді. Ол бұған дейін «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының Басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамында еңбек еткен.
Самат Рамазанов 1985 жылы Қостанай облысында туылған. Заңгер, Халықаралық менеджмент мамандығын меңгерген.
2002-2016 жылдары түрлі мемлекеттік қызметте болған. 2016 жылдың маусымынан бастап 2018 жылдың қазанына дейін квазимемлекеттік секторда әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеген. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген.
Түркістан облысы әкімдігі алдағы уақытта Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен 10 маманды лауазымды қызметке қабылдауға дайын екенін алға тартуда.