ОТАНДЫҚ КОМПАНИЯЛАР АЛКОГОЛЬСІЗ СУСЫНДАРҒА ДЕГЕН СҰРАНЫСТЫҢ 91,9% ҚАМТЫҒАН

Өткен жылдың 12 айында елімізде 673,9 млн. литр минералды және газдалған су және 1,59 млрд. литр өзге де алкогольсіз сусындар өндірілген. Осылайша отандық компаниялар жалпы ішкі сұранысты лайықты деңгейде қамтып келеді. 2019 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар сұраныстың 91,9%-ын жапқан.
Бұл туралы energyprom.kz жазады.

Өткен жылдың 11 айында елімізге 185,4 млн. литр сусындар мен су импортталған. Ал экспортталған өнім көлемі 110,8 млн. литрді құраған. Жеміс және көкөніс шырындарын қоспағанда, минералды және газдалған су мен сусындардың импорты 11 айда 153,5 млн. литрге немесе 80,7 млн. АҚШ долларына жеткен.
Сонымен қатар былтыр алкогольсіз сусындар бағасы алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,3%-ға қымбаттаған. Тікелей минералды және ауыз су 8,6%-ға, салқындатылған сусындар бағасы 12,6%-ға өскен.
Өткен жылдың желтоқсанындағы көрсеткіш бойынша Қазақстан қалаларында бөтелкедегі ауыз судың бір литрі 90,3 теңгеге немесе 9,3%-ға өскен. Ең жоғары бағалар Семей, Алматы және Өскемен қалаларында тіркелген.
Алкогольсіз сусындар шығару өндірісі еліміздің Көкшетау, Алматы қалалары, Алматы, Ақмола облыстарымен қатар, күнгей аймағында да ырғақты дамып келеді. Мәселен, аты аңызға айналған «Байкал», «Мохито», «Буратино» сусындары, «Арасан Целебный» минералды суы, «Wizoff» ауыз суы Шымкенттегі «Визит» алкогольсіз сусындар зауытында шығарылады. Ал Түркістан облысындағы «Алекс» ЖШС «Алекс Сарыағаш» минералды суын өндіретіндігімен танымал. Сонымен қатар Түркістан облысындағы «Юникс» ЖШС-де «TASSAY» ауыз суы, «Tastea» суық шайы, «Holiday» сусындары, «Kazakhstan Cola» және т. б өнімдері шығарылады.