ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМГЕ 43 МЫҢҒА ЖУЫҚ ШАҚЫРТУ ТҮСКЕН
Түркістан облысы, Төлеби ауданында тұтастай бір отбасы газдан уланды. Шақыртуға шұғыл түрде жеткен Түркістан облыстық медициналық жедел-жәрдем қызметкерлері алғашқы көмекті дер кезінде көрсетіп, зардап шеккен жандарды өлім аузынан аман алып қалған.
Оқиға орнына медициналық жедел жәрдемнің үш тобы шыққан. Дәрігерлердің айтуынша, ыстан уланған 2 және 3 жасар балалардың жағдайы алғашында тым ауыр болған. Жапа шеккен жеті адам Төлеби аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Қазір олардың өмірлеріне еш қауіп төніп тұрған жоқ.
Жалпы, жыл басынан бері облыстық жедел жәрдем қызметінің орталығына 43 мыңға жуық шақырту түскен. Алғашқы медициналық көмекке жүгінетіндердің басым көпшілігін жүрек-қан қысымынан зардап шегетін науқастар құрайды.
Облыс бойынша қазір 200-ге жуық медициналық жедел жәрдем тобы қызмет атқаруда. Мамандар жедел жәрдем бригадасын шақырғанда азаматтар аурудың белгілерін толық, нақты, дұрыс айту қажеттігін қатаң ескертеді. Өз кезегінде ол жедел әрі нақты айтылған мәлімет медициналық көмек көрсетуді жеңілдетіп, келу уақытын қысқартатынын алға тартады.