«ҚАМҚОРЛЫҚ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖӘРДЕМІ МОЛ

Түркістан облысында «Қамқорлық» жобасы бастау алды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен қолға алынған бұл жоба аясында аудан, қалалардағы көмекке мұқтаж жандар анықталып, оларға нақты көмек көрсетілетін болады. 

Шараны жүзеге асыру облыстағы аудан, қала әкімдері мен облыстық «Nur Otan» партиясына тапсырылды. Қайырымды іске жергілікті депутаттар мен демеушілер де атсалысады.
Қазіргі таңда «Қамқорлық» бағдарламасы аясында Келес, Жетісай, Мақтаарал мен Қазығұрт аудандарындағы тұрмыс жағдайы өте төмен отбасыларға көмек көрсетілді. Аудан, ауыл әкімдері мен облыстық «Nur Otan» партиясы филиалдарының жетекшілері тұрғындармен жеке жұмыс істеп, олардың үйлеріне арнайы барды. Әр азаматтың талап-тілегі мен мұқтаждығын анықтап, оларға азық-түлік себеттерін табыстады. Тұрғындардың тұрып жатқан үйінің бітпей тұрған тұстарына және айналасындағы тазалық жұмыстарына арнайы еріктілер тобы жұмылдырылды.
Жаңа бағдарлама мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен көмектен бөлек жүзеге асады. Жоба тұрмыс тауқыметін тартқан жандарға жан-жақты қамқорлық көрсету арқылы, кедейлік шеңберінен шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, еңбекке қауқарлы азаматтарды жұмыспен қамтуға жағдай жасалады.
«Қамқорлық» жобасы аясында көмекке мұқтаж отбасыларды анықтау үшін алдын ала арнайы комиссия құрылып, оның құрамына ауыл ақсақалдары мен жергілікті белсенділер кірген. Әр ауданда шамамен 100-ден астам отбасы көмекке зәру екені анықталған. Облыс бойынша олардың жалпы саны 2000-ға жуықтайды екен.