Орман алқабы 11 мың гектарға ұлғайды
Түркістан облысында 3 млн. 131 мың гектар орманды дала жер бар. Оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 млн. 615 мың гектарды құрайды. Былтыр орман алқабының аумағы 11 мың гектарға ұлғайған болатын.
Сондай-ақ өткен жылы орман қоры жерлерінің шекараларын анықтау, мемлекеттік актілерді сәйкестендіру жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек, 13 600 га мемлекеттік орман қоры жерлеріне мәдени көшеттер мен сексеуілдің тұқымы себілген. Жоспарға сәйкес, күтіп-баптау, толықтыру және орманның табиғи ұрпақтануына ықпал жасау шаралары атқарылған.
Сұғанақтыққа қарсы күрес шараларын жүргізу аясында орман күзеті қызметкерлерімен 1 000-ға жуық рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, 355 заң бұзушылық фактілерін анықтаған. Заң бұзушыларға 7 млн. 671 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Қазіргі таңда да сұғанақтыққа қарсы күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Өңірде 124 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдыны бар. Оның ішінде 68 су айдыны облыс әкімдігінің балық шаруашылығын жүргізуге жарамды су айдындарының тізбесіне енгізіліп, 9 су айдыны 7 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілді. Бүгінде 59 су айдыны резервте.
Жалпы облыста 28 аңшылық алқап болса, оның 15-і табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Қалған 13 аңшылық алқап резервте. Бекітіп беру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Ал, Сырдария өзенінің бойында арнайы құрылған тұқымбақтағы Бұхар бұғыларының саны 158 басқа жеткен. Сондай-ақ, Созақ орман шаруашылығындағы тұқымбаққа Алматы облысында орналасқан «Алтын Емел ұлттық паркінен 20 бас қарақұйрық пен 20 бас құлан әкелу жұмыстары ұйымдастырылуда.
Айта кетейік, Түркістан қаласы Бас жоспарына сәйкес, қала айналасынан 7700 га «Жасыл белдеу» құру жоспарланған. Өткен жылы 2300 гектар жер игеріліп, 1 млн. нан астам әртүрлі көшеттер егілді. Бүгінде күтіп-баптау, қорғау және өсімін молайту жұмыстары жалғасуда. Биыл 2400 гектар жерге 1 млн. — нан астам көшет егу жоспарланып, тиісті жұмыстар басталды.