«ЖҰМЫСҚА ЖАРАМДЫ ЖАНДАР ЕҢБЕК ЕТУІ КЕРЕК»

Біржан  НҰРЫМБЕТОВ, ҚР Еңбек  және халықты  әлеуметтік қорғау министрі:

Былтыр Түркістан облысында 110 мыңға жуық отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұл үшін бюджеттің 70 млрд. теңгесі жұмсалған.

Осы жылы бұл сандар біраз өзгеруі мүмкін. Себебі, мемлекет атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа форматын енгізген. Оның берілу тәртібін тұрғындарға түсіндіру жыл басынан бері қоғамдағы ең басты мәселеге айналып тұр.
Түркістан облысына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жұмыс сапарымен келді. Ол облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевпен бірге көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылармен кездесіп, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін жан-жақты түсіндірді. Өз сөзінде ол «Мемлекет көмекке мұқтаж жандарға, балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі. Бұл ең басты қағида. Дей тұрғанмен, жұмысқа жарамды жандар еңбек етуі керек. Ондай азаматтарға мемлекет жұмыс табуға не шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Яғни, белсенді жұмыспен қамту шаралары бойынша жұмыспен қамту орталықтарынан сіздерге қандай да бір жұмыс бойынша ұсыныс беріледі», — деді.
Және де ол «АӘК көпбалалы отбасының бір адамға шаққандағы айлық табысы 19 792 теңгеден аспаған жағдайда беріледі. Ал атаулы әлеуметтік көмектен бөлек, көпбалалы отбасыларға республикалық бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақы олардың табысына қарамастан үлкен отбасыларға, яғни, 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар азаматтарға төленеді», — деп атап өтті. Бұдан соң ол қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Министр отбасының еңбекке жарамды мүшелері ұсынылған жұмыстан бас тартса, өкінішке орай, тек ол емес оның отбасының барлық мүшелеріне АӘК беру тоқтатылатынын да айтып өтті. Және де балаларға берілетін әлеуметтік пакет топтамасы туралы да түсіндірді.
Мемлекет тарапынан табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілді әлеуметтік пакеті ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киіммен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады.
Сапар аясында министр бастап келген арнайы жұмыс тобы Түркістан, Кентау қалаларының Халыққа қызмет көрсету орталығында болып, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сондай-ақ мемлекет тарапынан беріліп отырған жәрдемақыға жеке кәсіп ашқан отбасында болды.