ШӨКЕЕВ ЕСЕП ЖИЫНДАРЫНА ЕСКЕРТПЕЙ КЕЛЕТІНІН НЕГЕ ЕСКЕРТТІ?

Биыл Түркістан мен Кентау қалаларын дамытуға басымдық беріледі. Соған сәйкес қазынадан қаралған қаржыға аумақтағы тұрғындарды тәулік бойы сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз ету, көгілдір отынды алаулатып жеткізу, сапалы жарық пен мардымды жылу беру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады. 

Бұдан бөлек топырақ жолдарға шағал тас төсеу мен асфальттау, көшелерді жарықтандыру, айналаны көгалдандыру, абаттандыру да қатаң бақылауға алынады. Түркістан қаласын төңірегін жасыл желекке бөлеу мақсатында жоспарланған ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары осы жылдың наурыз айында толық аяқтау межесі де назардан шықпайды.
Апта басында осы және өзге де маңызды мәселелер облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте қаралды. Отырыста облыс орталығында атқарылып жатқан өзге де жұмыстар пысықталды.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды. Алдағы уақытта олардың қатары көбеймек. Облыс әкімі жаңа баспаналардың қолжетімді болуын, үйлі болуға ұмтылған азаматтарға жан- жақты мүмкіндік қарастыруды айтты. Сондай-ақ ол, баспана беруде барлық сала өкілдерін толық қамтуды міндеттеді.
Жиында Түркістан қаласындағы әуежай мен оған барар жолдың құрылысына қатысты соңғы мәліметтер айтылды. Бүгінде ол аумақтар 100-ден астам техника мен 300-ден астам жұмысшы жұмылдырылған құрылыс алаңына айналған. Халықаралық әуежай жыл соңында қолданысқа беріледі. Қаладан 16 шақырым қашықтықта орналасқан 900 гектар жерге әуежай салуды Түркия Республикасының «Yda Insaat group» компаниясы қолға алған. Нысан халықаралық стандартқа сай және заманауи құрылыс технологиясымен салынуда. Терминал жылына 3 млн. жолаушыға қызмет көрсететін болады.
Жиында аймақ басшысы әкімдердің ел алдында есеп беру тәртібінің өзгергенін еске салып, алда өтетін мұндай жиындарға ескертпей келетінін ескертті.
Бұл қатқыл мәлімдемесінен соң ол аудан әкімдеріне қарата «Халықтың шын пейілінен шыққан алғыстан асқан баға жоқ. Осыны ұмытпаңыздар. Әр істі барынша беріліп істегенде ғана нәтижеге жетуге болады. Қөзбояушылыққа жол жоқ. Мен ешкімге қолдан келмейтін тапсырма жүктемеймін. Өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық салада ауыз толтырып айтар жетістіктер бар. Бірақ мұнымен тоқтауға болмас. Алдымызда мұнан да зор, мұнан да биік міндеттер тұр», — деп оларды қанаттандырып жіберді.