АӘК: ШЫМКЕНТТЕ 4000-ҒА ЖУЫҚ ОТБАСЫДАН ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАНДЫ

Шымкенте жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау осы жылдың
5- қаңтарынан басталғаны белгілі. Сол уақыттан бастап бүгінге дейін мамандар 9 мыңнан астам адамға кеңес беріп, 3 489 отбасыдан өтініш қабылдаған. Құжат қабылдау
5 мекен-жай бойынша жүргізілуде.

Мемлекет еңбекке қабілетті азаматтарды еңбекке ынталандыру, табысы аз азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін атаулы әлеуметтік көмекті беру тәртібі өзгергені белгілі. Апта басында Шымкенттегі ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр «Атаулы әлеуметтік көмек отбасының бір адамға шаққандағы айлық табысы 19 792 теңгеден аспаған жағдайда беріледі. Атаулы әлеуметтік көмек – аз қамтылған азаматтарға және табысы төмен отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем»,- деп атап өткен.
Және де ол АӘК нағыз мұқтаж, өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалып жатқанын жеткізген.
Бұдан бөлек Е. Садыр отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған белсенді жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылатынын тағы да еске салған. Бұдан бөлек ол, бала күтімімен айналысатын анаға, бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу міндеті қойылатынын мәлімдеді.
АӘК жаңа форматы бойынша учаскелік комиссиялардың жұмысы және жауапкершілігі күшейтілетіні де белгілі. Заң жобасында учаскелік комиссияларға өтініш берген отбасының атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын анықтау тәртібі бекітіледі. Сондай-ақ учаскелік комиссияның қорытындысы бойынша мұқтаж емес отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайтын болады.
АӘК-ке үміткер отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды жасау уақыты үш күннен жеті күнге дейін арттырылды.