ПРОКУРАТУРА ЖЕР ТЕЛІМІН ҚҰЖАТСЫЗ ПАЙДАЛАНҒАНДАРҒА ҚҰЛАҚҚАҒЫС ЖАСАДЫ
Ешбір құжатсыз телімге күрек салған, яғни тұрғындардың жерлерді өз бетінше басып алу деректерінің басым бөлігі қаланың «Құрсай», «Жаңаталап», «Игілік», «Ынтымақ», «Самал-3», «Қызылжар», «Көксай-2», «Көксай-3», «Қарабастау», «Қаратөбе», «Сайрам», «Бозарық», «Қайнар бұлақ», «Таскен», «Бадам» тұрғын алаптарында кездеседі.
Осыған орай Шымкент қаласының прокуратурасы тұрғындарға ескерту жасайды. Өз кезегінде қадағалаушы орган өкілдері тұрғындардың заңдастырылмаған жылжымайтын мүліктерін құжаттандыруы керектігін алға тартады. Осы мәселелерді шешу мақсатында 2019 жылы Шымкент қалалық әкімдігі мен прокуратура өкілдері өз бетінше иеленген жерлерді заңдастыру бойынша шаралар қолданған. Нәтижесінде адамдар өз бетінше басып алынған 1806 учаскенің 1048-і құжаттандырылып, 427-і жер учаскесіне жер табыстау туралы қаулылар шығарылған. Соның негізінде қала тұрғындарының көп жылдан бергі мәселелері шешіліп, меншік құқығын жүзеге асыруға және мемлекеттік қызметтерді пайдалануға мүмкіндік алған.
Өз кезегінде құзырлы орган жер учаскелерін құжаттандыру жұмыстары бір реттік шара болып табылатынын, сондықтан құжаттарды заңдастыруды кейінге шегермей тез арада реттеуді шегелейді.
Себебі, алдағы уақытта жер телімдерін өз бетінше иеленудің жаңа деректері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар тиісті жауапкершілік қолдана отырып, заңсыз құрылысты бұзуға шара қолданатын болады.