Басшыларды түрме тынысымен таныстыру жемқорлықты жоюдың тың жолы болып тұр

Осы аптада Шымкентке қарасты төрт аудан әкімдері, олардың орынбасарлары, басқарма басшылары мен жетекші мамандар барлығы 60-тан астам мемлекеттік қызметкер тергеу изоляторына жеткізілді. 

Бұл ерекше экскурсия туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаментінің басшысы Нариман Қасымбеков «Мақсат әкімдік қызметкерлерін шошыту емес. Бұл профилактика. Сыбайластыққа барудың соңы жақсылыққа апармайтынын сөзбен емес, нақты көрсету» деп түсіндіреді.
Яғни, мамандар жауапты жұмыста отырған қызметкерлерді темір тордың ұзын дәлізімен жүргізіп, ондағы камераларды көрсету олардың қадамын қия бастырмауға ықпал етеді деп сенеді.
Жылы үй, жайлы автокөлік, жұмсақ кресло мен жылы-жұмсақ қойылған дастарханнан ас ішіп жүрген шенеуніктер үшін түрме тынысымен бетпе бет танысу оңай соқпаған сыңайлы. Олардың өздері қатысып жүрген бұл шара туралы мардымды мәлімдеме жасай алмауы соның жарқын мысалы. Тек Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов «Қандай әсерде болдыңыз?» деген журналистер сауалына «Қуанышты әсер болды деп те айта алмаймын. Отырған жерлерімен танысып шықтық. Қорқынышты» деп жауап қатты.
Естеріңізде болса, былтыр жылдың аяғында дәл осы департаменттің ұйымдастырумен қала мектептеріндегі 60-қа жуық мектеп директорларына да осындай экскурсия жасалған болатын. Сол кезде де білім мекемелерінің басшылары абақтыны аралаудан кейінгі қандай ой түйгені туралы сұраққа «айтарға сөзіміз жоқ» дегеннен әрі аспаған.
Былтыр Шымкентте сыбайлас жемқорлық қылмысының 58 дерегі тіркелген. Бұл деректі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаменті мәлімдеген. Аталған департаменттің басшысы Нариман Қасымбеков мекеме жұмысының басты мақсаты қылмыспен күрес ғана емес, қоғамда сыбайластық іс әрекеттердің алдын алу екенін әуел бастан-ақ айтып келеді. Осы мақсатта түрлі жиындар мен басқосулар өткізіліп тұратыны да жасырын емес. Бірақ ондай отырыстарда айтылған ескертулер, сыбайластыққа негіз болған дәлелдер кейбір мемлекеттік қызметкерлер үшін сабақ болмаған сыңайлы.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаментінің соңғы уақытта лауазымды қызметкерлердің басын жиып, оларды түрме тынысымен таныстырып жүруі санада осындай ойды тудырады екен.

С. ИБРАГИМОВА.