Қазақстанда 2,3 миллион адам жұмыс іздеп жүр
Қазақстанда 2019 жылы бос жұмыс орындар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,68 пайызға артқан. Ал, жұмыс іздеушілер саны 2,3 миллион адамға жеткен. Ал бос жұмыс орындарын ұсыну бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалалары көш бастаған.
Тағы бір кері көрсеткіш 2019 жылдың желтоқсан айында Қазақстанда экономикалық белсенді азаматтардың саны 9,19 миллионға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға төмендеуі болып тұр. Экономикалық жағынан белсенді адамдардың 8,75 миллионы тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал 443,6 мыңы жұмыссыз.
Мемлекетте бос жұмыс орындарының саны артқанмен, сан мыңдаған адамның жұмыссыз болуының себебі неде? Шамасы олардың қолынан келетін кәсіптің еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтармен сәйкес келмеуінен болса керек. Мәселен, HeadHunter зерттеу орталығының дерегіне үңілсек, елімізде сұранысқа ие мамандықтардың 18,2 пайызы сауда саласына тиесілі болып тұр. Одан соң 8,3 % есепші мен қаржыгерлерге, 7,2% әкімшілік саласына қатысты. Бос жұмыс орындарының 6,5% ақпараттық технологиялар, интернет және телеком бағытын қамтыған.