ҚҰҚЫҒЫҢЫЗ БҰЗЫЛСА ОРТАЛЫҚҚА БЕТ АЛЫҢЫЗ

2020 жылдан бастап әр айдың соңғы аптасының бейсенбісінде Шымкент қаласы прокуратурасының Құқық қорғау қызметтері орталығында қала прокурорының тұрғындармен жеке қабылдауы өткізілетін болады. Сонымен қатар, дәл осы күнде қалалық ішкі істер, әділет, мемлекеттік кірістер департаменті басшыларының азаматтарды жеке қабылдауы өтеді.

Бұл туралы Шымкент қаласының прокуратурасы мәлімдейді.
Шымкент қаласы прокуратурасының Құқық қорғау қызметтері орталығына (әрі қарай-Орталық) 2019 жылдың 9-тамызынан бастап желтоқсанның аяғына дейін 6362 азамат әртүрлі шағыммен келген. Оның ішінде 3000-нан астам адаммен прокурорлар жеке қабылдау жүргізіп, тиісті бағыт көрсеткен. Сонымен қатар, қорғаушылардың ақысыз қызметтерін 1200-ден астам адам пайдаланса, медиаторлар 900-ден астам азаматқа кеңес беріп, 25 медиативтік келісім жасалған. Атқарушы орган өкілдері 700-ден астам азаматтың өтініш-тілегіне назар аударса, 562 адам әділет департаменті мамандарымен тілдескен. Нәтижесінде көптеген азаматтардың мәселесі оң шешімін тапқан. Мәселен, жұмыс кезінде өндірістік жарақат алған М. Айткуловқа үшінші,
Б. Қожамқұловқа екінші топтағы мүгедектік тағайындалып, тиісті төлем алу жолға қойылған. Сонымен қатар, денсаулығына байланысты екі жыл бойына өзіне тиісті емдік сауықтыру алмаған ІІ-топтағы мүгедек А. Тоқбергеновке «Сарыағаш» шипажайына жолдама алуға ықпал жасалған. Орталықтың негізгі мақсаты да осы. Яғни, біраз уақыттан бері шешімі табылмай жүрген әлеуметтік, құқықтық мәселелер бойынша азаматтарды кедергісіз қабылдап, оларға ашық, жариялы түрде көмек көрсетіп, адам құқығының жедел түрде қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады.