ТҮРКІСТАН: ХАЛЫҚТЫҢ 82 ПАЙЫЗЫ МӘМС ЖҮЙЕСІМЕН ҚАМТЫЛҒАН

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы мәлімдейді.
Келер жылдың 1-қаңтарынан бастап МӘМС жүйесі толық күшіне енетені белгілі. Осыған байланысты аймақтағы медициналық ұйымдардың жаңа жүйеге қаншалықты дайын екені туралы мәселелер жан-жақты пысықталуда. Осы аптада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаевтың төрағалық етуімен штаб отырысы болып өтті. Онда қоғамдық денсаулық басқармасының басшылығы МӘМС жүйесін енгізуге дайындық барысын баяндады. Сонымен қатар басқарма басшылығы аймақтың кейбір аудандарында МӘМС жүйесі бойынша түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз екендігін де жасырмады.
Келер жылдан бастап МӘМС жүйесі бойынша әр жұмыскер өз табысының 1% ай сайын «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» аударатыны белгілі. Ал бейресми, жалдамалы жұмыскерлер, тұрақты табысы жоқ азаматтар әлеуметтік сақтандыру қорына ай сайын 2525 теңге аударма жасаулары қажет. Аудан және ауыл тұрғындары үшін жарна мөлшері екі есе аз. Бірақ балалар, зейнеркерлер, ҰОС ардагерлері, көпбалалы аналар, мүгедек жандар, сот үкімімен жазасын өтеушілер санатындағы азаматтар үшін медициналық сақтандыру қорына аударым жасау мемлекет тарапынан жүргізілетінін айта кетейік.