АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕР САРАЛАНДЫ

Былтыр Түркістан облысында ауыл шаруашылық саласының жалпы өнім көлемі 475,6 млрд. теңгені құраса, ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 560,2 млрд. теңгені құрап отыр. Жыл соңына дейін жалпы өнім көлемін 619 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Бұл туралы Түркістан төрінде өткен «ALTYN KUZ – 2019» мерекелік шарасында айтылды. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні жоғары деңгейде аталып өткен бұл шараға шаруа қожалықтың төрағалары, депутаттар, аудан-қала əкімдері қатысты. Жиында сөз алған облыс əкімінің орынбасары Ұлан Тəжібаев ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандарды жылдық қорытынды мерекесімен құттықтап, жыл бойына атқарылған жұмыстарды саралады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы 5 жылда еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын 2,5 есеге арттыру туралы тапсырмасы аясында биыл Түркістан облысында ауыз толтырып айтар шаруалар тындырылды. Мәселен, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылдан 13,3 мың гектарға артып, жалпы 827 мың гектар алқап игерілді. Егісті әртараптандыру жұмысы да мықтап қолға алынған. Агроқұрылымдарға көктемгі және күзгі дала жұмыстарын атқару үшін жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыштар арзандатылған бағамен босатылды. Нәтижесінде масақты дақылдар түсімділігі 20 центнерге жеткізіліп, алқаптан 462 мың тонна астық жиналды. Өткен жылмен салыстырғанда әр гектардан қамбаға артығымен дән құйылды. Бақшадан жиналған көкөніс пен картоп 3 млн. тоннаны құрап рекордтық көрсеткішке жетті.
Мал басы жағынан да елімізде алдыңғы қатардан орын алып, ет өнімі шетелге экспортқа шығарылуда. Алдағы уақытта түйе сүті өнімдерін экспорттау жоспарланып, жыл соңына ауыл шаруашылығы экспорт көлемін 264 млн. АҚШ долларына жеткізу күтілуде. Ауа райының қолайлы болуы арқасында шаруалардың еселі еңбегімен бір жарым жылдық мал азығы дайындалды. Су нысандарын тиімді пайдалану мақсатында арнайы «Бөген арнасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Соның арқасында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 5 су нысаны: «Бөген» және «Қосқорған» су қоймалары, «Түркістан», «Арыс», «Қараспан» магистралды арналары мен «Қараспан» су торабы облыстық меншікке қабылданды.
Ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнім көлемінің республикадағы үлесі 12,4 пайызды құрап, екінші орынға қол жеткізілді.
Осы деректерді алға тартқан Ұлан Тәжібаев шара барысында салада жоғары нəтиже көрсеткен аудан, қала әкімдерін марапаттады. Мәселен, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановқа «Өсімдік шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан озат аудан» және «Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалаудан озат аудан» номинациялары бойынша облыс әкімінің арнайы дипломы табыс етілді. Өз кезегінде аталған аудан жыл басынан бері 127,2 мың тонна бау-бақша дақылдарын экспортқа шығарып, облыс бойынша көш бастаған. Бау-бақша өнімдерінің негізгі бөлігі Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропа елдеріне саудаланған. Бұдан бөлек, осы жылы ауданда 139 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, жоспар 1,2 есеге артығымен орындалған. Сондай-ақ, мақталы ауданда құны 240 миллион теңгені құрайтын трактор тіркемелерін құрастыратын кәсіпорын іске қосылған. Бүгінде кәсіпорын тұтас облысты отандық техникамен қамтамасыз етуде.
Ал Түлкібас ауданы жеміс-жидек қарқынды бауын өсіруде және жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өндеу бағытында үздік деп танылды. «Алдыңғы қатарлы технологиялар бойынша жобаларды іске асырудан озат аудан» номинациясы Кентау қаласына табысталды. Өз кезегінде Мырғалымсай мекені алқапты жаңбырлатып суғарудың америкалық тың әдісін тәжірибеге енгізген-тін.
Сайрам ауданы ауылшаруашылығы саласының дамуы бойынша облыста 2 -ші орыннан, ет, сүт өндіруден I-ші орыннан көрінді.

М. ӘБДІРАЙЫМ.