Ордабасыдағы жолдарда олқылық көп
Осы аптада Ордабасы ауданында «Nur Otan» партиясының «Ауыл ел бесігі» жобасы негізінде қазынадағы қыруар қаржы есебінен жаңадан салынған жергілікті төрт көшенің жолдарына мониторингтік бақылау жұмыстары жүргізілді. Тексеру барысында тиісті мамандар нысандардың жобалық сметалық құжатта көрсетілген талаптардың тыңғылықты орындамағанын анықтады.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті мәлімдейді.
Автокөлік жолдарының сапасын сүзгіден өткізу бағытындағы бұл шараға «Түркістан — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Е. Тұңғышбаев, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары А. Оралбаев, «Ұлттық жол активтері сапасы» орталығының Түркістан облысы бойынша филиалының мамандары, Ордабасы аудандық арнайы мониторингтік топ мүшесі Н. Көшбаев қатысты. Біткен іске баға берілетін бұл жұмысқа Ордабасы ауданындағы «Nur otan» партиясы филиалының сектор меңгерушісі
Г. Толыбаева, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А. Искаков, сектор меңгерушісі Ғ. Оспанқұл, ұйымдастыру инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Н. Амангелдиев пен мердігер компания басшылары да болды.
Өз кезегінде олар жаңадан салынған Рахымбердиев, Төлеби, ПМК және Ынтымақ көшелерінен жылжымалы жол зертханасы арқылы сынама алып, тексеру жүргізді. Сол кезде асфальт бетон кесіндісі алынған жолдар жамылғысының қалыңдығы сметалық құжатқа сай еместігі, сондай-ақ, тексеру жұмыстары жүргізілген барлық көшелердің жол жиегінде жарылулар, екі көшенің қосылған жерлерінің тақтайдан тегіс болмағаны белгілі болған. Сондай-ақ, үгітулер анықталған. Осыған орай жаңадан жол салу жұмыстары кезінде тиісті міндеттердің барлығы жобалық сметалық құжатта тайға таңба басқандай етіп көрсетілсе де кемшіліктерге жол берген мердігер мекеме басшыларына анықталған кемшіліктерді дер кезінде ретке келтіру тапсырылды.
Мердігер мекемелердің жол салу жұмыстары кезіндегі мұндай кемшіліктерге жол беруі өз ісін жетік меңгермегендік пе әлде «екі жеп биге шығудың» жарқын көрінісі ме? Қай қайсы болса да мердігерлердің сенімге бұлай селкеу түсіруі ақтайтын дүние емес сияқты…
С. НҰРАЙ.