Арыс: «Баламекенге» 100 отбасы жайғасты
Арыс қаласында қайырымдылық қордың есебінен бой көтерген «Баламекен» шағын ауданындағы 50 үй толық аяқталып, 100 отбасыға пайдалануға берілді. Әр үй «дуплекс» типті үлгіде салынған. Сондықтан оған екі жанұя жайғасады.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Бұл жоба Түркістан облысы әкімдігі мен Болат Өтемұратов Қорымен серіктестікте «Верный Капитал» компаниялар тобының табысты ынтымақтастығының нәтижесінде жүзеге асты.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қосман Қайыртайұлы игілікті істің шарапатын көрген отбасыларды құттықтап: «Апаттан кейін бүкіл қазақ елі Арыс халқының қайғы-мұңын бөлісіп, қол ұшын созды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп, халықпен бірге екенін көрсетсе, ҚР Премьер-министрі екі апта сайын келіп, Арыстағы құрылыс жұмыстарын бақылауды назардан тыс қалдырмады. Атқарылған ауқымды жұмыстар ел еңсесін көтеріп, ертеңгі күнге деген сенімдерін арттырды», — деді.
Арыстағы дендросаябақ жанынан бой көтерген «Баламекен» жаңа шағын ауданының құрылысы үшін қайырымдылық қорынан 850 млн. теңге бөлінген. Жаңа баспаналар Арыстағы әскери қоймада болған жойқын жарылыстан соң бұзылып, қирандыға айналған үй иелеріне, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, тұрғын үйге мұқтаж мүгедек жандар мен жалғыз басты аналарға берілді.
Бұл баспаналар ас үй жиһазы және тұрмыстық техникалармен жабдықталған. Әр үйдің ауласында 10 соттық жер телімі бар. Қалалық инфрақұрылымға қосылған жаңа шағын ауданға тас жол төселіп, аяқ жолдар салынған. Балалардың ойын алаңы орнатылып, ағаштар отырғызылған.
М. ӘБДІРАЙЫМ.