РУХАНИ ҚАЛАДА ТУРИСТЕР ҚЫЗЫҒАТЫН ДҮНИЕ КӨП

Орта Азия елдері ішінде Қазақстан мен Өзбекстан туризмі өрге басқан мемлекет ретінде ерекшеленуі тиіс. Бұл үшін Ұлы Жібек жолы бойында туризмді дамытудың барлық тетіктері қолға алынуы қажет.

Сонымен қатар межеленген мақсатқа қол жеткізу үшін аталған салада сандық технология мүмкіндіктері мен маркетингтің озық үлгілерін тиімді пайдаланған абзал. Және де инвестиция тартуға серпін беретін мүмкіндіктерді қарастырған жөн.
Бұл туралы Түркістанда өткен «Түркістан: бір жол, бір тарих» атты халықаралық туристік форумда сөз болды.
Жиынға Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Азиз Абдухакимов арнайы қатысты.
Форумда туризмді ілгері бастыру үшін Түркістанда жасалып жатқан жұмыстардың барысы таныстырылды. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев алдағы 5 жыл ішінде Түркістанда әуежай, амфитеатр, шығыс моншалары, қолөнер орталығы мен өзге де туристік нысанардың бой көтеретінін айтты. Яғни рухани ордаға табан тіреген қала қонағы атадан балаға мирас болып келе жатқан қолөнер бұйымдарының қайталанбас нақыштарын тап осы Түркістанға жасаған сапары кезінде көріп тамсанатын болады. Туристерді таңдай қақтыру осымен шектелмейді. Бір кездері сауда саттық пен ұлттық құндылықтар дамыған Отырар мен Сауран қалашықтарының тарихтағы рөлі насихатталады. Бұдан бөлек Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы ашық аспан астындағы қалашықтар да қалаға келетін туристер санын 5 миллионға дейін жеткізу межесіне қол жеткізуге үлес қосады.
Форумда сарапшылар өздерінің қызықты ойларын ортаға салды.

М. ӘБДІРАЙЫМ.