ҚАРАТАУДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ КҮШЕЙЕДІ

Шымкент қаласы, Қаратау ауданындағы шағын аудандар мен тұрғын алаптарда жарық, су және газ мәселесі толық шешілмегені белгілі. Мәселен, аудан бойынша 47 202 жеке тұрғын үй болса, соның тек 79,5 пайызы тіршілік нәрін тәулік бойы тұтынады. Қалған 11,2 пайыз үйге су шекті көлемде берілсе, 9,3 пайызы суды тасымалдап ішеді. Жеке үйлердің 80,8 пайызына жарық тікелей қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі арқылы берілетін болса, 19,2% немесе 9 060 үй электрді жекеменшік трансформаторлар алуға мәжбүр. Жеке үйлердің 74,3 пайызы табиғи отынның игілігін көріп отыр. Қалған 12 119 үй отын жағып, күл шығарудың азабын тартып жүр.
Бұл туралы Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов мәлімдеді. Қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте ол ағымдағы жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарын қорытындылап, аталған мәселелердің өзегін тарқату үшін алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды да тізбектеп берді.
Сонымен, аудан әкімінің келтірген дерегіне сәйкес, «Сайрам» тұрғын алабындағы жаңақұрылыс аумағына жыл аяғына дейін сапалы ауыз су жеткізілетін болады. Қазіргі таңда бұл нысан бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл «Қайнарбұлақ» тұрғын алабына магистралды су құбырын жеткізу үшін тиісті жобалық-сметалық құжат әзірленген. Сондай-ақ ол жерге сапалы электр жүйесін тарту бойынша да жобалық-сметалық құжат дайындалған. Келер жылы құрылыс жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. «Достықтағы» тұрғындарға ауыз су жеткізу үшін тиісті құрылыс жұмыстары атқарылуда. Нысан 2020 жылы іске қосылады деп күтілуде.
«Асар-2», «Достық» шағынаудандары мен «Тассай», «Шапырашты», «Өтеміс» тұрғын алаптарына электр жүйелерін тарту бойынша құрылыс жұмыстары орындалуда. Бұл бағыттағы жұмыстар 2020 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Соның негізінде 6000-нан астам отбасы сапалы жарықтың шарапатын көретін болады.
Өз кезегінде аудан әкімі Абзал Шымкентбайұлы «Тассай» тұрғын алабы мен «Тұран» шағын ауданын ауыз сумен қамту жұмыстары қаржы тапшылығына байланысты уақытша тоқтап тұр» дегенді алға тартты.
Жалпы қаржының тапшылығынан ауданда жол құрылысы жұмыстары да қарқын алмай тұр. Айталық, ауданда барлығы 1 110 шақырымды құрайтын – 1 272 көше бар болса, соның 481 шақырымына, яғни, 375 көшеге – асфальт жабындысы төселген. Шағал тас төселген көше 751-ді құраса, 146-сы топырақ көше болып тұр.
Жалпы ауданда 247 мыңнан астам халық қоныстанған. Жеке үйлерден бөлек онда 400-ге жуық көп пәтерлі тұрғын үй бар.
Аудан аумағындағы 57 аулаға біріктірілген 139 көп қабатты тұрғын үй аулаларына заманауи үлгідегі балалар ойын алаңшалары, спорттық жаттығу тренажерлары мен 20 ашық спорт алаңын орнату мен күтіп ұстау бойынша құрылыс жұмыстары жүруде. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмысты «Бай-Болашақ» ЖШС орындауда.
Келеңсіз оқиғалардың алдын алып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында алдағы күндері 67 орынға бейнебақылау камерасы орнатылатын болады. Бұл үшін қаржы көзі қаралып қойған. Сонымен қатар, орталық тиісті органға полиция департаментіне ұсыныс берілген. Сол ұсыным негізінде «Ақжайық» шағынауданында-3, «Қайнарбұлақ» саяжайында — 1, «Қайтпас» шағынауданында — 2, «Орманшы» тұрғын алабында — 2, «Шапырашты» тұрғын алабында — 2 көшені жарықтандыруға жобалық-сметалық құжаттар әзірленген.

М. ӘБДІРАЙЫМ.