Жолдағы жылыту бекеттері жұмысқа дайын

Түркістан облысының аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 4200 шақырымға жуықтайды. Оның тең жартысына жуығы, дәлірегі 1943,3 шақырымы қыс мезгілінде қардан тазаланып, инертті материалдар себілетін жолдар санатында. Бұл санаттағы жолдардың 434 шақырымы Бәйдібек, Созақ, Сайрам, Түлкібас, Төлеби сынды таулы аумақтардың еншісіне тиесілі.
Мамандар ол жолдарда қалың қар басып қалу қаупі жоғары екенін алға тартуда. Қылышын сүйреп қыс келгенде сең соққан балықтай сенделмес үшін дайындық жұмыстарын пысықтап, қажетті жағдайды қазірден бастап қамдап қойған абзал.
Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының мәліметінше қыс мезгілі кезінде 138 техника тұрақты түрде жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына жұмылдырылады. Таулы аймақтарда қардың түсуі қалың болса қосымша көмек үшін жөнелтілетін 40 техника бірлігі қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстарды орындауға 300-ге жуық адам тартылады. Техникаларды тізгіндеу кезінде жанар жағармай мен дизельді отыннан да таршылық болмайды. Мұз басқан жолдарда жүрісті жеңілдететін тұз, құм сынды инертті материалдармен тиісті мекемелер қазан айының соңына дейін 100 пайыз қамтылады. Көлік тізгіндегендердің назарын аса сақ жүруге бірден аудартатын «Тайғақ жол» белгілерінің 1075 данасы қажетті жерлерге орнатылған.
Сонымен қатар облыс аумағындағы қардың басып қалуы ықтималдығы жоғары Бәйдібек ауданында «Шыбықбел», «Одаманбұлақ» және Созақ ауданында «Ащысай», «Одаманбұлақ-2» жылыту бекеттеріне 60 тонна қатты отын жеткізілген. Жылыту бекеттері бір мезгілде 60-70 адамға уақытша пана болады. Ол жерді жылы ұстау үшін кезекші ұйымдастырылған.
Осындай деректерді алға тартқан басқарма өкілдері жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстау жұмыстары әлі де пысықталу үстінде екенін, дайындық жұмыстары 1-қарашада толық аяқталатынын айтты.

С. НҰРАЙ