«Бізде балық шаруашылығы дамыған»
Қайрат ЖОЛДЫБАЙ, Шардара ауданының әкімі:
– Қайрат Жолдыбайұлы, Шардара ауданының әкімі болып тағайындалғаныңызға үш айдан асты. Дәлірегі 100 күн толды. Мұндай уақыт өлшемі біраз жұмыстардың басын қайыруға жеткілікті. Сіз бұған келісесіз бе?
– Шардара ауданы мен үшін жат жер емес. Өзім осы жердің тумасымын. Бір кездері осы ауданда әкім орынбасары қызметін үш жыл атқарғанмын. Яғни, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы және күйіп тұрған мәселелерімен жақсы таныспын. Сондықтан да осы жерге әкім болып тағайындалғанымда маған бағдар алу үшін карт-бланш ретінде белгілі бір уақыт қажет болмады. Бірден іске кірісіп кеттім. Назар аударған, бақылауға алған ең басты мәселе ауыл шаруашылығы саласы болды. Ауданның өзі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. Бұл салада қордаланып қалған, шешімін күтіп отырған мәселелер бар. Біздегі қожалықтардың біразы мақта және күріш шаруашылығымен айналысады. Мақта егінімен айналысатын диқандар өз жұмыстарын бастауда нар тәуекелге бел буады. Ерте көктемнен бастап қолға алған егіндерінен қанша, ырыздық табатыны нақты мәлім болмайтыны сөзімнің жарқын мысалы. Өйткені мақта бағасы әр жылда әртүрлі. Құбылмалы. Табанды еңбек кейде өзін ақтамауы да ғажап емес. Осыған орай мен жергілікті шаруақожалық иелеріне қарқынды бауға қызығушылық танытып, оларды осы бағытта нақты қадамдар жасауға шақырдым. Бұл ой маған қайдан келді? Осы қызметке тағайындалмас алдын Ордабасы ауданын басқарғанмын. Міне сол аумақта қарқынды бау қатты дамыған. Сол істің басы-қасында жүрген шаруалардың тәжірибесі толысқан. Сөйтіп, сол жерде жұмысын бірізге түсіріп, пайдаға батып жүрген ірі-ірі шаруа қожалықтарын Шардараға шақырдым. Мақсат – оларды шардаралық әріптестерімен кездестіріп, тәжірибе алмасу еді. Біз бұл бастамамыздан жақсы нәтиже күтеміз деп үміттенемін Өзіңіз қараңыз, қарқынды баудың бір гектарынан түсетін табыс көзі 25 млн. теңгеге дейін барады. Ал мақта алқабының 1 гектарынан шаруалар ары кетсе 400 мың теңге ырыздық табады. Айырмашылық жер мен көктей. Осы бағыттағы жұмыстарды тәжірибе жүзінде іске асырып, шаруалардың адымын алшаң бастыру әрдайым бақылауымда болады.
– Егін еккеннің еңбегі Сіз айтқандай еселеніп, ақталып жатса нұр үстіне нұр ғой. Ауданда ауыл шаруашылығын әртараптандыру ісі қалай жолға қойылған. Өлкеде тек мақта мен күріш емес, көкөніс пен бақша өнімдері өсіріледі. Көктемде алқаптарға тасталған тұқымнан қанша өнім жиналып алынды?
– Биыл аудандағы 64 000 гектар суармалы жердің 59 300 гектарын игеру тапсырмасы берілді. Артылған міндет толық орындалды. Соның ішінде 23704 гектарға — шитті мақта, 17329 гектарға — бір жылдық, көп жылдық мал азықтық дақылдар, 10317 гектарға — бақша дақылы, 6850 гектарға — дәнді және бұршақты дақылдар, 600 гектарға – көкөніс, 250 гектарға — майлы дақылдар, 250 гектарға — картоп егілді. Ағымдағы жылдың 9 айындағы көрсеткіш бойынша жаздық арпадан 3904 тонна, күздік бидайдан 1500, дәндік жүгеріден 15000, көкөністен 20550, маштан 775, жаңа жоңышқадан 8758, ескі жоңышқадан 113472, бақшадан 262258, сүрлемдік жүгеріден 118255, күнбағыстан 382, картоптан 3900, күріштен 9319 және мақтадан 7382 тонна өнім алынды. Егінді жинау жұмыстары әлі толық түгесілмеді. Яғни, бірқатар көрсеткіштер әлі көбейеді.
– Жоғарыда шаруалардың қарқынды баумен айналысуын жолға қою аудандағы ең басты мәселе дедіңіз. Одан өзге де проблемалар бар ма?
– Мұндағы халықтың саны 80 мыңнан асады. Аудан халқының 40 пайызы Шардара қаласының тұрғындары. Соған сәйкес орталық Шардара қаласын дамыту біздің басты бағыттарымыздың бірі. Осыған орай біз қала көшелерін абаттандыру біраз жобаларды жасадық.
Қаланы көркейтуге келгенде тазалық мәселесін айналып өте алмаймыз. «Жаса 3» және «Автомелиос» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қаланы қатты тұрмыстық қалдықтардан тұрақты түрде тазалайды. Жұмыс тұрғындармен түзілген келісім шарт негізінде ақылы түрде жүргізіледі. Толғандыратын мәселе қалада ретсіз тасталған күл қоқыстар көлемінің тұрмыстық қалдықтардан бірнеше есеге көп болып тұрғаны. Күл қоқыстардың арнайы орындарға емес, кез келген жерге ретсіз тасталуы қоғам арасында қала тазалығына жүрдім-бардым қарайтын, оған немкеттілік танытатындардың жетерлік екенін көрсетіп тұр емес пе? Осындай жағдайларға нүкте қоятын шаралар жүргізу күн тәртібінен түспек емес. Мысалы, тұрақты тазалықты қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында орналасқан мекеме, кәсіпорын және кәсіпкерлік нысан иелерінің келісімдері бойынша оларға қаланың негізгі көшелері бекітіліп берілген. Ол жерлерде әр аптаның жұма, сенбі күндері жұмыс жағдайына байланысты тұрақты тазалау жұмыстары ұйымдастырылды. Қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтардың күшімен қаланың негізгі көшелерінің бойларындағы, көпқабатты үйлердің орамдары мен сәулеттік нысан аумақтарындағы күнделікті шашылған қоқыстары тазаланады. Күл-қоқыстарды арнайы орынға тасымалдап алып кететін мекемемен келісім шартқа отыру мақсатында шағынаудан тұрғындары мен ауыл билері және көше төрағаларымен 10 рет кездесу ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Тағы бр мәселе аудан орталығындағы көпқабатты үйлердің қасбетін әрлеу. Мұндағы көпқабатты үйлерге кеңестік кезеңнен бері жөндеу жүргізілмеген. Осы жылы тұрғын үй шаруашылығын жаңарту бағдарламасы бойынша 10 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сырты әрленіп, кем-кетігі реттелген үйлер ауданымыздың ажарын кіргізді. Аталған бағдарлама бойынша алдағы жылы тағы 20 үйді жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деген жоспар бар.
Сонымен қатар, тағы бір толғандыратын мәселе ауыз судың сапасы дер едім. Облыста суды ашық су айдынынан алатын аудан тек біз ғана. Қалғандары жер асты су көздерін тұтынады. Ал ауданымыздағы су қоймасындағы сулар екі-үш мемлекеттен айналып келеді. Cу жағалауындағы қоршауымыз 1980 жылдары салынған. Содан бері күрделі жөндеуден өткізілмеген. Күрделі жөндеуден өткізу бойынша жобалық сметалық құжат әзірленді. Құжат мемлекеттік сараптаудың сүзгісінен өтті. Қаржы қаралып, тиісті жұмыстар орындалса судың сапасы жақсарады деген ойдамыз.
Тағы бір мәселе ол Шардара халқын көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Табиғи газды жеткізу осыдан үш-төрт жыл бұрын қолға алынған. Шаһардың іргесіне дейін магистралды құбырларды тарту жұмыстары енді аяқталды. Көгілдір отынмен қамту үшін қала төрт секторға бөлінген. Жұмыс үш кезеңді құрайтын болады. Келер жылдан бастап қаржы қаралса, қала ішіне газ құбырларын тарту жұмыстары түгелдей жүргізіледі деген жоспарымыз бар. Сөйтіп келер жылдың аяғына дейін тұрғындар инфрақұрылымның игілігін көреді деп ойлаймыз.
– Былтыр су жағасындағы 255 гектар жерге 60 нысан салынатыны туралы ақпарат жер жерлерге сүйіншілей таратылды. Бұл орындалатын жұмыс па?
– Жағажайдағы 255 гектар жерді ауданның меншігіне өткіздік. Сіз айтып отырған көз тартар 60 нысан бой көтеру үшін ең әуелі инженерлік инфрақұрылымдық жұмыстарды жүргізуіміз керек. Осы мақсатта тиісті жобалық-сметалық құжат жасалды. Жобаның жалпы құны 8 млрд. теңге тиісті қаржыны бір жылда бөлу бюджетке салмақ салатыны сөзсіз. Сол үшін оның орындалуы үш кезеңге бөлінді. Қазірдің өзінде жағажай маңынан төрт жұлдызды, бес жұлдызды қонақ үйлерді салуға инвесторлар қызығушылық танытуда. Оларды іске асыру үшін біз инвесторларға жол, жарық, су, кәріз жүйесі мен газ тарту жұмыстарын ұйымдастырып беруіміз қажет. Олар кезең-кезеңімен іске асады.
– Ауданда 2016 жылы индустриалды аймақ құрылғаны белгілі. Ол жерге инвесторларды тарту жұмыстары қалай жүруде?
– Индустриалды аймаққа ең басты қажет нәрсе – инфрақұрымдық жүйелерді жүргізу. Ол жұмыстар екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезең бойынша аудандағы индустриалды аймаққа жол, ауыз су тартылып, подстанция салынған. Қазіргі таңда екінші кезеңнің жобасы дайын. Оны орындау үшін бюджеттен 100 млн. теңге бөлінуі керек. Екінші кезеңде индустриалды аймаққа трансформаторлар орнатылып, электр жүйелерін тарту жұмыстары жүргізіледі.
Бүгінде онда картон өңдейтін «Ақжол 2008 ЛТД» мекемесі жұмыс істеуде. Серіктестік қамысты өңдеп, одан картон шығарады. Бұл аймақ үшін тиімді кәсіпорын. Себебі, өңірдегі жиһаз әрі техника шығаратын кәсіпорындар картонды сырттан алдырады. «Ақжол 2008 ЛТД» былтыр іске қосылды. Енді тәй-тәй басып келеді. Алдағы уақытта олардың өнімдеріне сұраныс артады деп сенемін. Бұдан бөлек, индустриалды аймақта мақта зауыты салынуда. Зауытты салатын кәсіпкер айналым қаржы үшін несие рәсімдеу үстінде. Индустриалды аймақта өндірісіміз өркен жайып жатыр деу айтуға әлі ерте. Мұның ең бірінші себебі ауданымыздың облыс орталығы мен Шымкент қаласынан қашық орналасуында. Дегенмен де, қолдан келер мүмкіндіктің барлығын жан-жақты қарастырудамыз. Жуырда блокчейн серверімен ақпараттарды тарататын инвесторды тарттық. Блокчейн сервисі электр көзін көп қажет ететін қондырғы. Ал ауданымызда электр энергиясының тұтыну құны өзге аймақтармен салыстырғанда анағұрлым арзан. Бағаның тиімді болуы блокчейн сервистерін орнату жобасын жүзеге асыруға ықпал етті. Бізде ауыл шаруашылық саласында өнімдерді қайта өңдеу ісі дамымаған. Бірақ оған мүмкіндік мол. Мысалы, ауданда қауын-қарбыз бен бақша өнімдері көп егіледі. Соларды қайта өңдеп, шырын шығару, ұнтақ дайындау сапасын жетілдірсек деген жоспар бар.
– Ауданға тартылған инвестиция көлемі туралы мәлімет бере кетсеңіз…
– Шардара ауданына тартылған инвестиция көлемі 26 млрд. теңгені құрайды. Оның 13 млрд. теңгесі сыртқы инвестицияны құрайды. Қалғаны ішкі инвестиция. Сырттан келген инвестиция су электр стансасын жаңғыртудан өткізуге жұмсалуда.
– Ауданның ең басты артықшылығын атап өте аласыз ба?
– Әр өлкенің өзінің ерекшелігі болады. Шардараның жұрт қызыға әрі қызғана қарайтын түстары өте көп. Әр салада ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз бар. Мәселен, спорт саласын алайық. Ауданда армрестлинг бойынша топ жарған спортшылар саны жетерлік. Талай тартысты жарыстарда жеңісті қолдан бермей келген шымыр жігіттердің барлығы дерлік осы Шардараға шоғырланғандай. Соңғы он жылда ауданымыздан дәл осы қол күресінен 14 Әлем чемпионы, 70-тен аса Азия чемпионы, 100-ден аса Қазақстан чемпиондары шықты. Сайдың тасындай жігіттеріміз әр жарыстардан жүлдесіз оралмайды. Тағы бір мақтанышымыз балық шаруашылығының қарқынды дамуы. Ауданымызда төрт балық зауыты бар. Дәмі тіл үйірер «Хамит» зауытының өнімдері сырт елдің сауда сөрелерінде пышақ үстінде өтетін тауарға айналған. Табиғаттың ғажап сұлулығын бойына сіңдірген ғажайып Шардара айдынындағы жағажайымздың орны бір төбе. Шардара тап осы су айдыны арқылы отандық туризмді ғана емес, желкенді қайық спортының дамуына да зор пайдасын тигізуде.
– Биыл Шардара ауданына 55 жыл толып отыр. Негізі қаланғанына жарты ғасыр асқан өлкенің мерейтойын қандай ерекшелікпен өткізбекшісіздер?
– Шардара қарашада 55-ке толады. Осыған орай өткізілетін іс-шараға ауданды басқарған азаматтар құрметті қонақтар қатарында болады. Су электр стансасын құру кезінде жұмылдырылған техникаларды әкеліп, ашық аспан астындағы мұражай өткіземіз. Оған тартылған құрылысшыларды шақырып, құрмет көрсетеміз. Мерекелік концерт қойылады. Шара шығындарының басым көпшілігі демеушілер есебінен жүргізіледі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Т. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.