ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН БАҚЫТЫН

Кластас-құда, досымыз Айтбай 85 жасқа абыроймен келген абзал да ардақты анасы Күлпаршын Рысалиеваның мерейтойын апаның баласы, Олжас пен Әлияның үлкені – өзінің немересі, кемпірдің сүйікті шөбересі Дастанның сүндет той салтанатын қосып, қос қуанышты бірге тойлауды жөн көріпті. Тойға шақыру алдық…

Сонымен, Бәйдібек ауданының Боралдай ауылдық округі аумағындағы Түйе-тас елді мекенінің тұрғыны, сексеннің сеңгіріне шыққан кейуана кім? Күлекеңді қауым болып құрметтейтіндей, ел болып елпілдеп құрметтейтіндей не шаруа тындырыпты? деген бүгінгі жастар тарапынан орынды сауал туары анық.
Білмегендерге өкпе жоқ?! Алайда, еңбек майданында ар-ожданын алға тартып, талай социалистік жарыстардың уақытпен санаспай жеңімпаздары болған жандардың жеткен жетістіктерін, ұрпаққа өнеге етіп отырғанның ешқандай артықтығы бола қоймас. Білмесеңіздер біліп, танымасаңыздар танып алыңыздар.
Біріншіден, соно-оу ашаршылық жылдарының соңын ала дүниеге Түлкібас ауданының Мыңбай ауылында келген арудың балалық шағы болмай, Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп;– Бәрі де Отан үшін, бәрі де майдан үшін,-деп масақ теріп, шөп шауып, шұлық-жемпір тоқумен өткен тыл ардагері.
Екіншіден, 1955 жылы бөлімшенің мал дәрігері Рсалыұлы Жалтайға жүрек қалауымен тұрмысқа шығып, келісті де қылықты Гүлсара, Гүлзада, Әтіркүл, ұлықты Айтбай сынды өнегелі де іскер ұл өсірген, солардан 16 немере, 25 шөбере көріп, шуағына кенелген бақытты әже.
Үшіншіден, Тауарлы сүт бөлімшесінің бригадирі Әуесхан Қасқабаевтың басшылығында Өріксай жайлауында қарамағындағы 28 сиырдан сүт бұлағын ағызған майталман сауыншы. Көпұлтты ұжымда Лида, Катя есімді неміс қыздарымен, Тамара сынды шешен аруымен, Жаңылхан, Зияш сынды сауыншы қазақ қыздарымен еңбек бәсекесіндегі қайталанбас шақтар бүгінде тарихтың алтын беттері болып, газет беттеріндегі мақалалармен мұрағаттарда сақтаулы.
Төртіншіден, облыстық Кеңестің 2 дүркін депутаты, халық қалаулысы
Күлпаршын Рсалиеваның маңдайтерлі еңбегі Одақтың ойып алды Еңбек Қызыл Ту орденімен аталып өтер ме еді.
Бесіншіден, 1967 жылдан Коммунистік партияның мүшесі бірнеше рет Социалистік жарыстың жеңімпазы болмаса Лениннің 100 жылдығы медалін кеудесіне жарқырата тағар ма еді?!
Алтыншыдан, облыстык пленум мүшесі Күлекең бейнетті таза еңбегінің арқасында сол кездегі астанамыз Алматыда өткен Қазақстан Компартиясының ХIII- сьезіне делегат болып қатысып, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамад Ахметұлы Қонаевпен қатар президиумының төрінде бірге отырар ма еді. Бұл қарапайым еңбек адамына деген Одақ тұсындағы шексіз ҚҰРМЕТ!
Жетіншіден, 85 жасқа келген Күлпаршын әженің тағылымды ісі, өнегелі өмірі Бәйдібек ауданы әкімі мен маслихаты назарынан тыс қалмай Ауданның Құрметті азаматы атағымен лайықты бағалануы, оның жарты ғасырлық маңдай терлі еңбегінің қайтарымы болса керек.
Құдай қосқан қосағы Жалтайдан 1962 жылы қайғылы жағдайда айрылған
Ананың күйеуінен аманат болып қалған перзенттерін адалдыққа, еңбекке, сыйластыққа, имандылыққа тәрбиелеудегі өнегелі жолы жарқын өмірдің бастауындай. Үлкені Гүлсара өжеттігімен білімділігінің арқасында Бәйдібек аудандық Халық Банкісін 30 жылдан астам абыройлы басқарған халық қалаулысы. Құрметті зейнеткер де анасы секілді Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы. Гүлзадасы мен Әтіркүлі өз шаңырақтарының берекесін ұйытып отыр.
Ал, қарашаңырақтың қадырын арттыруды мақсат еткен біздің кластас Айтбай болса артық сөзі жоқ, уәдеге берік біртуар азамат. Отан десе, Ел десе аузындағысын жырып береді. Егемендік алған тұста ауылдан шашау шығармай елдің басын біріктіріп, Түйе-тас ӨК-нің негізін қалап, тізгінді қолға алған төраға. Бүгінде 76 отбасының басын біріктіріп, 1000-нан аса гектарға ақ егіс егіп, 200 бас уақ мал мен жылкы, қара мал табынын өргізіп, елге- өзіне жағдай жасап отырған білікті басшы. Құрдастарға деген пейілі;
Бір көңілге ешнәрседе жетпейді,
Дос боп қалсақ, бізді кімдер шектейді.
Қолпаштасақ бірімізді біріміз,
Ешкімнің де ештеңесі кетпейді,- деп жырлаған мына өлеңмен үндескендей.
Қымбатты мерейтой куәсі Күлпаршын апа, ертеңгі күнге бүгін тай мініп талпынған сүндет той себепкері Дастан айналайын, не тілесеңдер де алдарыңнан жарылқасын! Той елдің қазынасы. Ендеше, ауылда елеусіздеу жүрген шүйкедей кемпірдің жасын, еңбекпен жеткен бағын, атақ – абыройын келер ұрпақ бойына зерделеп, баянды етіп берсін деп тілейік, ағайын!
Біз апамызды мақтамаймыз, керісінше біз оңтүстік өңірінде Күлпаршын РСАЛИЕВАДАЙ майталман сауыншы, Еңбек Қызыл Ту орденінің кавалері, Компартияның ХIII съезінің делегаты, халық қалаулысы, Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы, немере – шөберелерінің қасиет қонған аяулы Әжесі бар деп мақтанамыз!!!
Той тойға ұлассын қымбатты АЙТБАЙ, ОЛЖАС!

Құрметпен Талғат-Ләззат
ОРМАНОВТАР,
Шымкент қаласы,
24 қазан-2019 жыл.