«Демократия деген сөзге ешкімнің монополисі жоқ»

Төлеген ЖҮКЕЕВ, саясаткер:


Елімізде «Қазақстанның Демократиялық партиясы» атты партия құрылмақ. Партия шынайы саяси реформа құрумен қатар, еліміздегі билік атқарып жатқан жұмыстарға қатысты ойларын ашық айтатын азаматтарға құқықтық, ақпараттық, саяси қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Azat NEWS мәлімдейді.

Осыған орай Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз жиынында журналист, белсенділер Жанболат Мамай, Әсел Жаңабаева, Сергей Дуванов пен саясаткер Төлеген Жүкеевтер мәлімдеме жасады. Партияны құрушы бұл азаматтар алдағы күндері кеңсе жалдап, партия қатарына қосылуға ниет танытқандарды сол жерде қабылдамақ. Сондай-ақ олар, құрылғалы отырған жаңа партияға жақтастар жинауда әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін пайдаланбақ. Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз жиынында журналист Жанболат Мамай қазіргі уақытта Қазақстанның саяси кеңістігінде шынайы өзгерістерді қалайтын және оппозициялық бағыттағы саяси партия жоқ екенін айтты.
Баспасөз жиыны кезінде спикерлер құрылғалы тұрған жаңа партияны ҚР Әділет министрлігі тіркеуге алмауы мүмкін екенін, бірақ кедергілерге дайын екендіктерін білдірді.
Өз кезегінде саясаткер Төлеген Жүкеев партияны құру кезінде қаражатты сырттан алмайтындықтарын мәлімдеді. Оның айтуынша саяси ұйымды құру кезіндегі ұйымдастыру жұмыстарына өз араларынан шыққан кейбір азаматтардың үйі мен пәтерлерін сатудан түскен қаржы көзі жеткілікті болады деп хабарлады. Осы ретте оның бұрын Қазақстан қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, хатшысы, Қазақстанның Ирандағы елшісі қызметін атқарғанын айта кетейік.
Азаттық журналистерінің «Партияның атауын Қазақстанның Демократиялық партиясы деп атапсыздар. Яғни ҚДП. Қазір экстремистік ұйым деп танылған Қазақстанның демократиялық таңдауы яғни, ҚДТ қозғалысы бар. Осы екі ұйымды ел шатастырады деп ойламайсыздар ма?» деген сұрағына саясаткер бұл мәселе туралы ойланғандарын, бірақ демократия деген сөзге ешкімнің монополисі жоқ екенін алға тартты.
Партияны құрушылардың бірі журналист Жанболат Мамайдың 2017 жылы үш жыл бас бостандығы шектелген болатын. Осыған орай Азаттық тілшісі оған «Бұл жағдай оның партия құрудағы саяси белсенділігіне кедергі келтірмей ме?» деген сұрақты төтесінен қойды. Өз кезегінде Жанболат Мамай «Қазақстанда менің журналистік қызметпен айналысуға құқығым жоқ. Бірақ заң тұрғысында саяси қызметпен айналысуға ешқандай шектеу жоқ», — деп мәлімдеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік тіркеуде 7 саяси партия бар. Солардың ішінде Парламентте «Нұр Отан», «Ақ жол», «Ауыл» және Қазақстан коммунистік халық партиясы секілді төрт партияның фракциялары жұмыс істейді.

М. ӘБДІРАЙЫМ.