БҮГІНГІ ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ ӨЛШЕМІ – УАҚЫТ
Әділдік – адам бойындағы ең асыл қасиет. Оны әрбір азамат жүрегімен сезініп, көңіл ниетімен білдіреді. Атам қазақ, әу бастан адалдық пен әділдік бар жерде береке, бірлік орын алатынын ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа ұран етіп келеді.
Әділ болу, әділдікті ту ету, тек қазақ ұлтының ғана ой-мақсаты емес, оны бүкіл адамзат қоғамы қолдайды, әрі қалайды. Ия, рас, кейде пендешілікке салынып, әділдік туын тақтан кетіретіндер де кездеседі.
Жарықтық қазақтың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлының әділдік жөнінде айтқан қанатты сөздері есіме оралып отыр. Бәкең «Әділдік бар дейді, бірақ ол үнемі кешігіп жүреді»- дейді. Шын мәнінде, солай ма?!
Қазір еліміз тарихи кезеңді бастан кешіруде. Осыдан отыз жыл бұрын халқымыз өзінің егемендігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді, әрі орнықты мемлекетке айналды. Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық.
Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды.
Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни, Назарбаев моделі деп атады. Қазір бізге тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамытудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз.
Міне, мұның бәрі белгілі болғандай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының арқауы болған «Сабақтастық, Әділдік, Өрлеу» бүкіл қазақстандықтардың көкейінен шыққан басты қағидалар болды. Сондықтан еліміздің тәуелсіздігін сақтап қалуда әлбетте, билік пен ұрпақ сабақтастығы, олардың әділдігі мен елімізді одан әрі өркендетуге деген өрлеу құлшынысы қажет.
Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адамзат бойындағы ең асыл қасиет әділдік мәселесіне орынды тоқталып, өзі де әрбір азаматтан шынайылықты қалайтынын, құқықтық, зайырлы мемлекетте өмір сүру керектігін ескерткен болатын.
Азаматтың әділдігі жүріс-тұрысында, істеген ісінен де, атқарған қызметінен де, адамдармен болған қарым-қатынасынан да көрінеді. Президент халыққа жолдаған Жолдауында мемлекеттік орган қызметінің назарына халықпен тиімді кері байланыс орнатуға аударды. Бұл қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң- мұқтажына жедел түрде назар аудару мемлекеттік орган қызметкерлерінің басты міндеті болуға тиіс екенін алға тартады. Рас, кей жағдайда азаматтарымыз жергілікті жердегі басшылардың құлықсыздығы мен бейқамдығынан амалы жоқтықтан жоғары органдарға арызданып жатады. Осындайда жергілікті басшыларды әділ деп айта аламыз ба?! Жоқ.
Қазіргі уақыт басқа, қоғам басқа. Нарықтық экономикаға ілесіп келе жатқан халқымыз уақыттың да қадірін жақсы біледі. Бүгінгі қоғамның басты өлшемі – уақыт. Сондықтан бүгінгі қоғамда азаматтар уақытты тиімді пайдалануға бой алдырып жатыр. Өйткені, уақыттан ұтылу – табыстан қағылу.
Уақыттан ұтылу – жауапкершіліктен жалтару, әділетсіздікке жол беру болып табылады. Әділдік – мәдениетіміздің ажырамас бөлігі және ғасырлар бойы қалыптасқан құндылығымыз. Ұлтына, діни нанымына, мүліктік жағдайына қарамастан барлық азаматтардың құқығының теңдігі туралы Конституция қағидасы біздің басты бағдарымыз.
Біз аудан көлемінде әділдікті ту еткен әртүрлі тақырыпта ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып келеміз. Ауыл округтерінде ұйымдастырылған «Ырыс алды – ынтымақ» форумы елді ынтымаққа, бірлікке, әділ болуға үндеп келеді. Бұл шараны ұйымдастыруда аудандық Ардагерлер кеңесі және Әжелер алқасы, ішкі саясат бөлімі үнемі ұйытқы болуда.
Ұлттар достығын нығайтуда «Өзбек мәдени орталығының» жұмысын ерекше атауға болады. Аудан көлемінде 16 ұлттың өкілі татулықты ту етіп, бейбіт еңбекпен тыныстап келеді. Олар көпшіліктің көңілінен шығатын түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда.
Таяуда ғана Қарабастау ауылында өткен түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық тағам дайындаудағы байқауы, ал Тұрбат ауылында өткен «Достық дастарханы» байқаулары ұлттар достығының нағыз шынайы көрінісін көрсетті.
Әділдік – адамзаттың басты құндылығы. Сондықтан дүние есігін енді ашқан сәби бойына әділдік қасиеттерін сіңдіру әрбір ата-ананың, білім ошақтарының, құқық қорғау органдарының, қала берді қоғамның басты міндеті. Сондықтан әділдік мәселесіне жеңіл-желпі қарауға болмайды. Әділдік – әрбір азаматтың ажарын ашады, абырой-беделін көтереді. Ал мұндай тұғырдан көріну үшін әрбір азамат өзін жетілдіріп, жақұт қасиеттерді бойына жинай білуі керек.
Төлеген ТЕЛҒАРАЕВ,
Қазығұрт ауданының әкімі.