«НАН БОЛСА, ӘН ДЕ БОЛАДЫ»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің ағымдағы жылдың 16-қыркүйектегі Қаулысымен 16-қазан «Нан күні» болып белгіленген болатын. Осыған орай бұл аптада еліміздің бірқатар аймақтарындағы нан комбинаттарында «Нан күні» аталып өтті.
Елімізде алғаш рет өткізіліп жатқан атаулы күнге байланысты ұйымдастырылған шараларда комбинаттардың мүмкіндіктері, нарықтағы орны мен жетістіктері сараланды. «Нан күнін» атап өту «нан болса, ән де болады» деген сөзді ұлт болып ұлықтауды жолға қойып, соның негізінде агроөнеркәсіптік кешенінің осы секторын жандандыруды мақсат тұту десек қателеспейміз.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, жыл сайын елімізде 700-720 мың тонна нан өндіріледі. Елімізде нан және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер экспортының көлемі 11,7 мың тоннаны, ал импорт 75,7 мың тоннаны құрайды. Былтыр қазақстандықтар 800,8 мың тонна нан және ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді тұтынған. Импорт үлесі тұтынылған өнімдердің 9,4%-н құраған. Қазіргі таңда елімізде нан өндіру кәсібімен шұғылданатын кәсіпкерлердің алдында халықтың нанға деген сұранысын қанағаттандыру міндеті ғана қойылып отырған жоқ. Олар нан-тоқаш, ұзақ және аз мерзімге сақталатын ұннан жасалатын сұранысы көп нан өнімдерінің ассортиментін кеңейтумен де айналысады.
М. ӘБДІРАЙЫМ.