«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАНША ОТБАСЫНЫ БАҚЫТТЫ ЕТЕДІ?
Биылдан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қатысушылары үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылған болатын. Аталған бағдарлама бойынша баспанаға мұқтаж көп балалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар үшін пәтерлер жылына 2 пайыздық мөлшерлемемен 19 жылға жалға беріледі. Алғашқы жарна 10 пайыз.
Мемлекет жеңілдігі көп деп жариялаған «Бақытты отбасы» бағдарламасымен баспаналы болу көп балалы отбасылар үшін қолжетімді ме? Таяуда Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева «Бақытты отбасы» бойынша 10 пайыздық жарна жинау көп балалы былай тұрсын, жас жанұялар үшін оңай дүние емес екенін көлденең тартты.
Өз кезегінде ол осы күнге дейін «Бақытты отбасы» бойынша үй алуға 3000 өтініш келіп түскенін, бұл айтарлықтай аз екенін мәлімдеді. Депутат мұның себебін алғашқы 10 пайыздық жарна құюға көп отбасының жағдайы келе бермейтіндігімен түсіндірді. Және бұл мәселені түбегейлі шешу үшін бағдарламадағы жарна құю туралы талапты алып тастауды ұсынды. Тиісінше әлеуметтік деңгейі «Бақытты отбасы» бағдарламасындағы шарттарға сәйкес келетін отбасылар ай сайын жалдап жүрген пәтеріне ақша төлегенше, ол қаржыны банктерге бергені әлдеқайда тиімді екені туралы пікір білдірді. Бұдан бөлек ол, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үй алуға бел буғандардың қатарына жас отбасыларды да қатыстыру туралы ұсыныс айтты.
Депутаттың Үкімет сағатында қалың бұқараның қамы үшін айтылған пікірі орындалып кетсе оң болар еді…
С. Нұрай.