КӘСІПКЕРЛЕР ТАБЫСТАРЫН ҚАШАНҒЫ ЖАСЫРАДЫ?

мұны тоқтату үшін президенттің пәрменін күту керек пе?

Бас қалада барлық қызмет мінсіз болуы тиіс. Бірақ…

Осы аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен елорданы дамыту бағыты талқыланған жиында Нұр-Сұлтан қаласында түйіні тарқалмаған түйіткілдер жетерлік екенінен біраз жұрт хабардар болды. Соның бірі көлеңкелі экономиканың басты қаруы болып саналатын қолма-қол төлем жасаудың ең төмен көрсеткішінің дәл осы Нұр-Сұлтанда байқалатыны болды. Қалада картамен есеп айырысу барлық төлем жасау көрсеткішінің 9 пайызын ғана құрайды екен. Ал Алматы қаласында бұл көрсеткіш 69 пайызға жетеді. Осының өзі-ақ мәселенің түйінді екенін, тірліктің тұраланып тұрғанын айқын аңғартады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл үрдіс қала тұрғындары мен қонақтарына қолайсыздық тудырып қана қоймай, теріс табыстың өсуіне әкеп соқтыратынын баса айта отырып, еліміздің Қаржы министрлігіне қала әкімдігімен бірлесіп, нақты жұмыстарды қолға алуды тапсырды. Президент өз тапсырмасында Нұр-Сұлтандағы әрбір сауда нүктелері мен қызмет көрсету салаларында кассалық бақылау машиналары мен карта терминалдарының болуын қатаң бақылауды міндеттеді.
Президенттің бұл пәрмені біздің есімізге мына жәйтті түсірді.
Осы жылдың басында Шымкенттің сол кездегі бас салықшысы Нұралхан Көшеров үшінші мегаполистегі кәсіпкерлердің 90 пайызы салықтан жалтаратынын айтқан. Өз мәлімдемесінде ол кәсібі өрге басқан азаматтардың табысын жасыруының салдарынан қазынаға 7 млрд. теңге салық кем түскенін қынжылыспен жеткізген. Сонымен қатар ол, қулыққа салып, табысын барынша төмендетіп көрсететіндердің дені тойхана, қонақ үй мен ойын-сауық кешендерінің қожайындары екенін де жасырмаған. Және де ол «Заманың түлкі болса – тазы боп шал» дейтіндердің қатарында базарда сауда жасап, тірлігін түзеп алған азаматтарда жетерлік екенін тілге тиек ете кеткен. Сол кезде қаланың кірістер департаментінің басшысы өздерінің мүлік құны мен қол астында жұмыс істейтін қызметкерлердің санын мейлінше азайтып көрсететін кәсіпкерлерге тірліктерін заң аясында болуын жолға қоюы үшін бір ай мерзім беретінін батырып айтқандай болған еді.
Содан бері бір емес бірнеше айдың жүзі болса да, кәсіпкерлердің тірліктерін тәртіпке сай реттеуі қаналықты орындалғаны туралы мағлұмат нақты айтылмады. Тиісінше заң талаптарына құлақ аспағандарына қандай шаралар көрілгені туралы мониторингтік талдау деректері таратылмады.
Қазіргі таңда да әй дейтін әжені көріп тұрған жоқпыз. Оған нақ осы сауда-саттық саласында болып жатқан заңсыздықтар дәлел сияқты. Заңсыздық деп нық сеніммен айтуымызға қалада көптеген дүкен-дүңгіршектер мен тамақтану орындарының біразында төлемді айғақтайтын чектердің міндетті түрде беріле бермейтіндігі анық дәлел болады. Яғни, бірізділік жоқ. Кейбір сауда орындарында сауда жасағаныңды айғақтайтын чекті сұрағанда «заңды тұлғасыз ба?» деп өзіңе қарай атылатындарды көп кезіктіресің? Тиісті құжаттарды беру кезінде заңды тұлға немесе жеке тұлға деп ала қойды бөле қырыққандай етудің астарында не жатқанының өзі айтпаса да түсінікті. Осы сынды жәйттерді айта берсең мысал мың.
Сөзімізді түйіндесек. Үшінші мегаполистің алдына қойған негізгі мақсаттарының бірі дотациялы емес, донарлы өңірге айналу. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін салық саласындағы түрлі сәйкессіздікті жойып, халықтың арқасында табысы артып жатқандардың тірлігін заңға сай сәйкестендіруді жолға қою болып табылады. Оған қол жеткізу үшін Президенттің пәрменін күтпей-ақ нақты шараларды бүгіннен бастап қолға алу кезек күттірмес мәселе.

С. НҰРАЙ.